Басқару

ҚР Мемлекеттік хатшысы ДДСҰ Еуропалық бюросының өңірлік директорымен кездесті

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бюросының өңірлік директоры Жужанна Якабпен кездесті.
Нұр-Сұлтан21 Маусым , 18:31

«Біздің еліміз денсаулық сақтаудың, соның ішінде БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің өзекті мәселелерін шешуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Бұдан басқа, Қазақстандағы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда, атап айтқанда ана мен бала денсаулығын қорғау, өкпе ауруының алдын алу әрі онымен күресу, медициналық және фармацевтикалық білім беру және т.б. мәселелер бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа Бас директоры болып Тедрос Адханомның тағайындалуымен құттықтаймын», -деді  Г.Әбдіхалықова.

Мемлекеттік хатшы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері мен қызметтерін нығайтуға бағытталған барлық бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның көпжақты дипломатия жөніндегі хабын құру бастамасын көтеріп отыр. Біз қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын реформалау бағытында белсенді жұмыстар жүргізудеміз. Бұл тұрғыда біз «Денсаулық-2020» еуропалық жаңа бағдарламаны негізге алып отырмыз», - деп толықтырды Г.Әбдіхалықова.

Бұдан басқа, кездесуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының географиялық тұрғыда шалғайда орналасқан Алматы қаласындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі офисінің қызметі талқыланды.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика