Баланы қорғау

Астанада оқушыларды пайдалы тамақтандыру мәселелері талқыланды

«Нұр Отан» орталық аппаратында өткен дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаттары, Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрлігі өкілдері оқушылардың пайдалы тамақтануы мәселесін көтерді.
Астана қаласы26 Желтоксан , 16:11

«Шара барысында қатысушылар елімізде мектеп тамағын ұйымдастырудың бірыңғай стандарты,  рұқсат етілген азық-түліктер мен жеткізушілердің бірыңғай тізбесі мен тізімі, сондай-ақ тамақ өнімдеріне химиялық-технологиялық бақылаудың жоқтығын атап өтті», - делінген хабарламада.

Сөз алған білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев министрлік республикадағы 92 мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша тексеріс жүргізгенін мәлімдеді. Тексерулердің нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған.

«Мысалға, кейбір мектептер сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты жоқ азық-түліктер сатып алған. Сондай-ақ, асханалардың материалдық-техникалық базасы төмен, оқушыларды ауыз сумен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мен мектеп кәріз жүйесінің жоқтығы анықталды», – деді Есенғазы Иманғалиев. 

Шараға қатысқан «Балалар мен оқушылардың пайдалы тамақтану саясатын енгізу және қадағалау» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Баелев, оқушылар арасында пайдалы әрі нәрлі тамақтануды ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстел соңында «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Әсел Жүнісова мектеп тамағы саласында қызметті сапасыз атқару фактілері туралы партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарлау қажеттігін атап айтты. 




Яндекс.Метрика