Басқару

Н.Назарбаев: Әлем біртіндеп жаңа экономикалық модельге көшуі керек

Әлем жаңа экономикалық модельге біртіндеп көшуі керек, деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында.
Астана қаласы16 Маусым , 18:27

Дәстүрлі ЖІӨ туралы

«Әлем жаңа экономикалық модельге біртіндеп көшуі керек. Бүгінде елдің байлығы мен оның азаматтарының әл-ауқатын өлшейтін көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдісін әзірлеу мәселесін халықаралық күн тәртібіне шығару қажет. Барлығымызда жиі қолданатын ЖІӨ индикаторының бірқатар кемшілігі бар. Ол табиғи ресурстардың түгесуін қоса алғанда қоршаған ортаға тиетін зиянды ескермейді. Бұған қоса, ол белгілі бір мемлекеттің өмір сапасын көрсетпейді. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсете алмайды, халықтың кірісі бойынша жіктелуін ескермейді. Сонымен қатар, дәстүрлі жалпы ішкі өнім экономикалық гүлдену туралы жалған түсінік қалыптастырады. «Жасыл» ЖІӨ және Адами даму индексі, ЭЫДҰ үздік өмір индексі сынды индекстердің базасында әлемдік қоғамдастық ЖІӨ-ні есептеудің жаңартылған әдістемесін қабылдай алар еді. Ол елдердің  теңгерімді дамуы қажеттілігін нақты көрсетуі тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Әлемдік қаржы трансформациясы туралы

«Әлемдік қаржы архитектурасын трасформациялауға және халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, валюта қарапайым, ол пайдаланушыға бағынышты болуы тиіс. Блокчейн сынды технологиялардың дамуын, цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға да болар еді. Ол абстрактілі сенімді тірек етпеуі тиіс. Керісінше, нақты активтерді қамтамасыз етуі қажет. Бұл валюта бүкіл әлемдегі қолданушылар тарапынан қабылдануы тиіс. Сондықтан бұл іске тек қана G20 емес одан да көп мемлекеттер қатысуы үшін біз G-Global-ды  ұсындық. Жаһандық валютаны  Орталық банктердің пулын құру жолымен, мәселен, БҰҰ жанынан арнайы комитет құру арқылы енгізуге болады. Барлық елдің теңқұқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Әрине, мәселе қарапайым емес. Бірақ, бұл проблема жоғалмайды. Бізге оны айтып қана қоймай, шешу де қажет», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Мемлекеттің өз бетімен дамуы туралы

«Өсім жаңа моделінің басты элементі - дамушы елдерді жеделдетілген тұрақты дамуға тарту болуы тиіс. Бүгінгі күні жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен және патенттермен қорғанып отыр. Бұл ғылыми және қаржылық ресурстары жеткіліксіз елдерді одан ары артта қала  беруіне түрткі болады. Бұл мәселеде жасанды кедергілер болмауы тиіс. Сонымен қатар, әлемде бір жарым миллиард адам электр жарығынсыз, үш миллиардқа жуық адам су тапшылығы жағдайында өмір сүріп отыр. Мұндай жағдай жер бетіндегі жаппай көші-қонды одан ары өршіте түседі. Сондықтан елдердің дербес дамуына және оларды жайлы өмір сүретін орынға айналдыру үшін жағдай жасау маңызды болмақ. Қазақстан кезең-кезеңімен тұрақты дамуға бағытталған реформалар жүргізуді жақтайды және солай  қала да береді. Біздің негізгі мақсатымыз сапалы өсім, дамыған отыз елдің қатарына кіру», - деп мәлімдеді ҚР Басшысы.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы

ҚР Президенті атап өткендей, ағымдағы жылы IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан 32 орынға жайғасты, осылайша ол 15 сатыға көтерілді. Ал, Дүниежүзілік банктың бизнесті жүргізу жеңілдігі Doing business рейтингісі бойынша Қазақстан 35 орыннан көрінді,  өсім 16 сатыны құрады.

«Біз жас дамушы мемлекет сияқты көрсеткіштерге қолжеткізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Сыртқы қолайсыз факторларға қарамастан 2017 жылы еліміздің ЖІӨ өсімін 4% шегінде болады деп күтудеміз. 2015 жылдан бері экономика мен қоғам өмірінің маңызды бағыттары бойынша институционалды реформаларды қарастыратын  «100 нақты қадам» ұлт жоспары  жүзеге асырылуда. Осы жылдың басынан бастап біз Қазақстанда үшінші жаңғыртуды іске қостық. Қазақстанның одан ары дамуының басымдықтары қатарында экономиканың технологиялық жаңғыруын жеделдету, оны цифрландыру, бизнес ортаны түбегейлі жақсартуды, адам капиталын дамыту бар. 10 жыл бұрын біз ТМД ішінде ең бірінші болып Экологиялық кодекс қабылдадық. 2012 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы заң күшіне енді. Сол жылы еліміз «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алдық. Оның тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп аталады. 2013 жылы Қазақстан ТМД елдері арасынан ең бірінші болып жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады. Бүгінгі күні елде энергетикалық саланы жаңғырту толық қарқынмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде жаңартылған энергия көзін өндіретін жиынтық қуаты 300 мВт тең елу кәсіпорын бар. Соңғы он жылдың ішінде табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру есебінен ауаны ластайтын заттар шығарындысы 13 пайызға, ілеспе мұнай газының шығарындысы 70 пайызға  қысқарды», -  деді Н. Назарбаев.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы

«БҰҰ қолдауымен Астана ЭКСПО-2017 негізінде біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Және дәл осы жерде «жасыл» энергетика, технология бағыттарындағы жұмыстар шоғырландырылады. Қазақстандық павильон болашақ музейі ретінде сақталып қалады. Онда «жасыл» энергетикаға қатысты жаңа технологиялар көрсетіледі. ЭКСПО көрмесі құрылысына бөлінген бюджеттік және демеушілік қаражаттар отандық бизнесті қолдауға бағытталған. Мемлекет халықаралық көрме құрылысына 1,3 млрд доллар қаражат жұмсады. Олардың арасында демеушілер мен жеке инвесторлардың қаражаттары бар. Бұл қаражаттардың барлығын қазақстандық компаниялар игерді», - деп түсіндірді ҚР Басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, елордада Х Астана экономикалық форумы өз мәресіне жетуде.

Қайрат Жандыбаев

Фото Бауыржан Жуасбаев




Яндекс.Метрика