Халықаралық интеграция

Г. Әбдіқалықова Польшаның вице-спикерімен кездесті

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанға ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Поляк диаспорасы күніне қатысу үшін келген Польша Республикасының Парламенті Сенатының вице-спикері Мария Коц бастаған делегациямен кездесті.
Астана қаласы15 Маусым , 12:38

«Бізді бұрыннан бері достық қарым-қатынастар байланыстырады. Өткен жылы Елбасымыз Польшаға ресми сапармен барған болатын. Бұл өте нәтижелі сапар болды. Қыркүйекте Сіздің еліңіздің президенті Анджей Дуда мырзаны күтеміз, бұл өте маңызды оқиға болмақ. Сіздің еліңіз қарқынды дамып келе жатқанын білеміз. Экономикамен қатар бизнес те жақсы дамып келеді, ШОБ үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Осы тұрғыда бізде бірлескен жобаларымыз бар. Ал мәдени-гуманитарлық аспектіде жастарымыздың 700-ден астам өкілі польшалық университеттерде білім алуда, олар өте жақсы мамандар болып елімізге оралып жатыр. Сондай-ақ, біз Астана мен Варшава арасында тікелей рейс ашылғанына да қуаныштымыз, бұл барлық бағыттарда тығыз қарым-қатынас жасау үшін жақсы мүмкіндік», - деді Г. Әбдіқалықова.

ҚР Мемлекеттік хатшысы 32 мыңдық поляк диаспорасының Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық өмірінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, Польшаны 2018-2019 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің құрамына сайлануымен құттықтады. 

«Біз осы ұйым аясында тығыз жұмыс жасаймыз деп үміттенеміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік бойынша келісімді ратификацияланғаны үшін алғыс білдіремін. Польшалық тарап жылдам әрекет етіп, парламент осы келісімді ратификациялаған еді», - деп қорытындылады Г.Әбдіқалықова.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Польша қарым-қатынастарының ағымдағы ахуалын және саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика