Отырыста «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың, Қоршаған орта және су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың, Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның есептері тыңдалды.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының көрме барысында мейлінше экономикалық тиімділікке қол жеткізу, шара шеңберінде салалық көрмелер ұйымдастыру жөніндегі, ЭКСПО іс-шараларын дайындау мен өткізу бойынша берген тапсырмаларын Ұлттық жоспарға енгізу мәселесіне айрықша назар аударды.
Отырыс барысында инфрақұрылымдарды дамыту мен көрме объектілері құрылыстары бойынша жұмыс штабтарының қызметі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Басқармасы мен директорлар Кеңесінің жұмыс жоспары талқыланды.
Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, ұлттық холдингтер мен компанияларға, көрмені сапалы дайындау мен өткізу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атай отырып бірқатар тапсырмалар берді.