Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің көрме орталығы ашылады

Астана қаласында өтетін EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерін паш ететін көрме орталығы жұмыс істейтін болады.
Павлодар07 Маусым , 18:57

Өңір әкімдігінде хабарланғандай, Орталықтың тұсаукесері ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына 5 күн қалғанда ресми түрде өткізілді. Ашылу рәсіміне Иран, Жапония, Германия, Израиль, Египет және АҚШ мемлекеттерінің елшілері қатысты.  

«Біз сіздердің мемлекеттеріңіздің облысымыздың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу бірлескен жұмысымыздың ары қарай жалғасуына септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді өз сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко.

Оның айтуынша, аймақ басшысы Болат Бақауовтың идеясымен ашылған орталықта өңірдің дамуының перспективалы бағыттары, инвестициялық жобалардың каталогы, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат таныстырылады. Бизнес-делегациялардың қолайлығы үшін  ЭКСПО-2017 көрмесі мен орталықтың арасында арнайы автобус жүретін болады. Сонымен қатар, инвесторлардың қалауы бойынша Павлодар облысына арнайы сапарлар ұйымдастырылады.

Өңірде жұмыс сапарымен болған Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабата өзінің алған әсерлері туралы айтып берді.

«Мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және шет елдермен байланыстарды дамытудағы мүмкіндіктермен танысып қайттым. Бұл орталық Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерін танытуға зор үлес қосады деп ойлаймын", - деді елші.

Сонымен қатар, елші өз сапарынан кейін арнайы есеп жасап, оны Токиоға жібергенін айтты. Осы айда Қазақстанда жұмыс істейтін жапондық бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, оларға Павлодар облысына инвестиция салудың тартымдылығы туралы айтып бермек.




Яндекс.Метрика