Евразиялық одақ

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемде25 Желтоксан , 08:40

«Мемлекет басшылары отырысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен, Армения Республикасының Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуының жол картасымен жұмыс барысы, сондай-ақ экономикалық интеграцияның бірқатар басқа да ағымдағы мәселелері қаралды», - делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында кездесіп, еуразиялық интеграциялық үдерістер аясында атқарылған жұмыс қорытындысын шығарудың игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

« Өтіп бара жатқан жыл кездесулерге толы болды, соның арқасында біз өзіміздің ортақ интеграциялық ісімізді табысты ілгерілетудеміз. Енді бір аптадан соң біз 2014 жылды – өте маңызды жылды қарсы аламыз. Біз келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою міндетін алға қойдық және оны іске асыруға мақсатты түрде қадам басып келеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Минскідегі қазан айындағы уағдаластықтарға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институттық та, функционалдық та бөлігі бойынша келісе алмаушылық әлі де сақталып отырғанын айтты.

«Өкінішке қарай, Шарттың жекелеген баптарының мәтіндерін өзгерту,   оларды қарауда тараптар сарапшыларының асығыс режімде жұмыс жүргізуі және т.б. жайттар кездесті. Осының бәрі Шарттың жобасын қол қою үшін дайындау мерзімін ұзарта түсуде. Құжаттармен жұмысты ақтау үшін барлық күшті салу керек. Мәселен, сарапшылар әлі күнге дейін бірыңғай терминологиялық сөздік қалыптастырған жоқ. Шарттың саясатқа қатысты «бірыңғай», «келісілген», «үйлестірілген» тәрізді негізгі терминдері туралы ортақ түсіністік жоқ. Әзірге сарапшылар терминология жөнінде келісімге келе алмай жатқанда, бүкіл Шарт туралы сөз болуы мүмкін емес. Тым тәптіштеу мен бұл мәселелер жөніндегі пікірталасқа ұрынбас үшін біздің Үкіметтерімізге, ЕЭК Кеңесіне және сыртқы саясат ведомстволарына Шарт бойынша келісімді келесі жылғы наурызға дейін қамтамасыз етуді тапсыруды ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы алдымен интеграция үшін іргетас дайындап алып, өзара ықпалдастықтың тереңірек түрлеріне содан кейін өту қажеттігін ескере отырып, кезеңділік қағидасын сақтауға назар аударды.

« Осыған байланысты қазіргі кезеңде үйлестірілген немесе келісілген саясатқа, барлық қатысушыларды қызықтыратын салаларда ортақ нарық қалыптастыруға ден қойған пайдалырақ болар еді. Сауда саясаты біз бірыңғай саясатқа қол жеткізген бағыттарда, мысалы, үшінші елдерге қатысты, сөз жоқ, сақталуға тиіс. Ал бірақ басқа салаларда «бірыңғай саясат» және «бірыңғай нарық» түсініктерін қолданудың түгел қамтитын сипатына назар аудару артық деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті құрылып жатқан Одақты саясиландыруға жол бермеу қажеттігіне ерекше тоқталды. 

« Біз экономикалық одақ құрудамыз. Сондықтан Комиссияның міндеті – Шартқа экономикалық интеграция шегінен шығатын ережелерді қоспау. Шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі тәрізді бағыттар, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек мәселелері экономикалық интеграцияға жатпайды және Экономикалық Одақ форматына көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің барлығы ҰҚШҰ, ТМД аясындағы көптарапты келісімдер форматында да, екіжақты форматта да жақсы реттелген. Қылмыстық және әкімшілік тәртіп бұзушылықтар жөніндегі жауапкершілікті біріздендіру туралы мәселе көтерілуде, алайда бұл салалар таза ұлттық салалар, мемлекеттің ішкі саясатының мәні болып саналады және жүйеленген шарттан алынып тасталуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер басшылары және үкіметтер деңгейіндегі Жоғары кеңеске ұлтүстілік өкілеттіктерді беруге болмайтынын атап өтті.

« Комиссия – ұлтүстілік орган. Біз интеграцияны ілгерілету үшін осыған бардық. Оның өкілеттігі қол қойылған шарттармен және келісімдермен нақты реттеледі әрі тек қана экономикалық салаға жатады. Біз Сіздермен бірге, мемлекеттер басшылары ретінде, Комиссия мүшелерін тағайындаймыз, біздің шешіміміз стратегиялық және ұйымдастырушылық сипатқа ие. Біз тапсырмалар береміз, Комиссияның іс-қимылын мақұлдаймыз және шарттарға қол қоямыз. Комиссия оларды орындайды, себебі ол – Жоғары органның тапсырмасы. Осы құрылымды сақтау қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Одақ туралы шарт оған мүше мемлекеттердің өзге елдер мен ұйымдармен арадағы халықаралық шарттарына нұқсан келтірмеуі тиістігін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Комиссияның жұмысының бұдан да тиімді жолға қойылуына, ЕЭК департаменттерінде біздің азаматтарымыздың теңдей өкілдік етуі мәселелесінің шешілуіне назар аударды.

« Үнемі талқылып жүрген тағы бір мәселе – Комиссияға жаңа өкілеттіктер беру. Қазір ЕЭК өкілеттігін аса кеңейтудің қажеттілігі жоқ. Бұл жөнінде біз мамыр айында Астанада да, қазан айында Минскіде де сөйлескенбіз. Әйткенмен, Шарт жобасымен жұмыс барысында Комиссияның көптеген сәттерде өзіне қосымша өкілеттіктер алғысы келетін байқалады.  Комиссия қызметін бағалау тетіктері туралы мәселе қою әлдеқайда пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейде мемлекеттік органдарды бағалау жүйесі енгізілген. Солардың негізінде ортақ әдістер әзірлеп, оны Комиссия қызметін бағалауға қолдануға болады», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қабылданатын шешімдерге Алқа мүшелерінің жеке жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Бұл халықаралық шенеуніктерді әр қадамын салмақтап, кез келген мәселеге обьективті қарауға мәжбүр етеді. 

« Бұл нормаларды Шарт жобасына қазірден-ақ қосу керек немесе үкіметтерге бірлесіп жеке құжат әзірлеуді және оны кезекті отырысымызға ұсынуды тапсыру қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанның берік, күшті әрі түрлі өзгерістерге икемді Экономикалық одақ құруға бейілді екенін тағы бір рет қуаттаймын. Мұндай одақ оған қатысушылардың барлығының мүдделерін ескергенде ғана қалыптасуы мүмкін. Сарапшылар біраз жұмыс атқарды, енді айтылған ескертулерді ескере отырып, бірлескен қызметті жалғастыру қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартты мамырда қол қоюға әзірлеу сияқты ауқымды міндет қойылып отырғандықтан, келесі жылы жұмыстардың бұдан аз болмайтынын атап өтті.

       

 




Яндекс.Метрика