АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Қазақстан 10 мың тоннаға дейін қой етін экспорттайтын болады

Индикативті көрсеткіштер бойынша Қазақстан 2021 жылға дейін қой етінің экспортын 10 мың тоннаға дейін арттыруы керек. Біздің мемлекеттен ет сатып алғысы келетін елдердің қатарында бірінші кезекте Қытай, БАӘ, Иран мен Израиль бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында хабарлады.
Астана қаласы30 Мамыр , 17:14

«Қазақстанда сәуір айының соңында Қытайдың ветеринариясы бойынша топ жұмыс істеді. Олар Қытай үшін біздің мал шаруашылығы өнімін экспорттау бойынша жабық бес аймақты тексерістен өткізді. Тексерістер 27 сәуірде аяқталып, Талап хаттамасы толтырылды. Индикативті көрсеткіштер бойынша Қазақстан 2021 жылға дейін қой етінің экспортын 10 мың тоннаға дейін арттыруы керек», - деді Төлеутай Рахымбеков. 

2016 жылы Қазақстан барлығы 191 тонна қой етін экспорттады. Егер еліміздегі қой етінің өндірісі туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан жылына шамамен 150 мың тонна қой етін өндіреді.

«Ішкі тұтыну мөлшері шамамен 111 мың тонна, яғни біз өз қажеттілігімізді 130-140% қамтамасыз етіп отырмыз. Біз ішкі нарық қажеттілігінен 30-40%-ға артық өндіреміз. Ішкі нарыққа еш зиян келтірместен 30-40 мың тонна қой етін экспорттау мүмкіндігіміз бар», - деп баса айтты вице-министр.

Атап өтер болсақ, қытайлық нарық қазақстандық балық пен балық өнімдеріне, асыл тұқымды жылқыларға, бал мен омарташылық өнімдеріне ашық, Сонымен қатар хаттамалық қатырылған қой етінен басқа бұл елге тауарлық жылқыларды жеткізу мәселесі де қаралып жатыр. Бұдан басқа, БАӘ-ге ірі және майда мал басын, тауық жұмыртқасын жеткізу туралы ветеринарлық сертификаттарға қол қойылды.    

«Сонымен қатар, бүгінде біз Иранға экспорттау мүмкіндігіне иеміз, себебі ветеринарлық сертификаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Араб Әмірліктеріне, Кувейтке экспорт жасай аламыз. Израильдік тараппен келіссөздер жүргізілуде.  Себебі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың Израильге сапары барысында олар қазақстандық қой етіне үлкен қызығушылық танытты», - деп түсіндірді Т. Рахымбеков.             

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет сағатында бірінші вице-министр Қайрат Айтуғанов хабарлағандай, 2017  жылы мемлекеттік бағдарлама аясында  326 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған болатын, енді оның санын 467-ге жеткізу көзделіп отыр.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика