EXPO-2017

ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті қалай сатып алуға болады (ШОЛУ)

ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттердің едәуір бөлігі сатылып үлгерді. Алайда, Қазақстан тұрғындарында көрмеге баруға қатысты сұрақтар туындауда және біз осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
Астана қаласы30 Мамыр , 17:34

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына дейін 11 күн қалды. Көрмеде өз павильондарын әлемнің 115-тен астам елі ұсынбақ. Астанаға 20 мыңға жуық адам, соның ішінде шетелдік азаматтар күн сайын келетін болады.

Жақында «Астана ЭКСПО-2017» басқарма төрағасы Ахметжан Есімов отандық және ресейлік БАҚ-тарға берген сұхбатында көрме туралы және осындай ірі әрі аса маңызды жобаны басқару жайында өз пікірін білдірді.

«Әлемдік державалар ғана емес, сонымен қатар, дамушы елдер де көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбына қызығушылық танытуда. Біз энергетикалық дағдарыстан шығу жолын іздеу үшін алаң жасауға ұмтыламыз. Өткен жылы көрмеге небары 30 ел ғана қатысуға ниет білдірсе, бүгінде олардың саны 115-ке жетіп отыр», - деп атап өтті А. Есімов.

Астанадағы ЭКСПО-2107 халықаралық көрмесінің ашылуына дейін 11 күн қалды. Көрмеде өз павильондарын әлемнің 115-тен астам елі ұсынбақ. Астанаға 20 мыңға жуық адам, соның ішінде шетелдік азаматтар күн сайын келеді.

Көрмеге билеттер жыл басынан бастап сатыла бастады. Келушілер билеттерді еліміздің әрбір облыстық орталығында орналасқан кассалардан да, ЭКСПО көрмесінің сайтынан да сатып ала алады. Бүгінгі таңда 2 млн-нан астам билет сатылғанын атап өткен жөн.  

Билеттердің сатылып жатқанына біраз уақыт болса да, Қазақстан тұрғындарында көрмеге баруға қатысты сұрақтар туындауда.

Билеттерді онлайн қалай сатып алуға болады

Сайттың басты бетінде билеттерді сатып алу бөлімін тауып алу керек. Ол үстіңгі бұрыш жағында орналасқан және «билет сатып алу» деп белгіленген. Бұл толығымен осы тақырыпқа арналған бөлім. Билеттерді онлайн сатып алу үшін ЭКСПО сайтында тіркелу міндетті. 

Онлайн билет сатып алған кезде экранда шығатын күнтізбеден қажетті күнді таңдап алуға болады.  

Бұдан бөлек, ұйымдастырушы сайтында көрмеге арнайы күндері бару ұсынылады: 10 маусым – ашылу күні, 6 шілде – Қазақстан астанасының күні, 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні, 10 қыркүйек – көрменің жабылу күні.

Сонымен қатар, келушілерге көрмеге кез келген күні баруға мүмкіндік беретін сувенирлік билет сатып алу да ұсынылады. Ол бірегей дизайнда орындалған және көрме аумағында бонустық қызметтер ұсынады.

«Сувенирлік билетті ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми билет кассаларынан сатып алуға болады», - делінген ЭКСПО сайтында.

Қазақстан азаматтарына арналған жеңілдіктер

Қазақстан азаматтарына берілетін жеңілдіктер туралы айта кетейік. Көптен күткен көрмеге Ұлы Отан Соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оны алып жүруші 1 адам, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар (алып жүруші адам қарастырылмаған), барлық топтағы мүгедектер, соның ішінде жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балалар бара алады. Мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, көп балалы аналар билет құнының жарты бағасын төлей алады. Ұйымдастырушылардың ескертуінше, бұл жеңілдіктер шетелдік азаматтарға қатысты қолданылмайды.

Мәдени бағдарлама

Сондай-ақ, жеңілдіктер мәдени бағдарламаға арналған билеттерге қатысты қолданылмайды. Көрме аумағында өтетін қандай да бір іс-шараға билет сатып алу үшін көрмеге кіру билетін қай күнге алғаныңызды білуіңіз керек. Осыдан кейін сайттағы күнтізбеден сол күнді таңдап, осы күнге арналған мәдени бағдарлама кестесін көре аласыз.

Кестені сайттан бүгін де көруге болады. Мұнда симфониялық оркестр де, әлемдегі үздік флейташы да, ресейлік және әлемдік эстрада жұлдыздары да бар.

Билеттерді сату пункттері

 

Билеттерді сатып алуға келейік. Онлайн сатып ала алмайтын адамар үшін билеттерді қарапайым тәсілмен билеттерді сату пункттерінен сатып алуды ұсынамыз. Бүгінде кассалар еліміздің әрбір облыстық орталығында және ірі қалаларында орналасқан. Барлығы 679 сату пункті бар.

Билетті қайтару

Өмірде әр түрлі ойламаған жағдайлар мен форс-мажорлар болуы мүмкін. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осындай сәттерді ескеріп, қандай да бір себеппен белгіленген күні көрмеге келе алмаған азаматтарға электрондық билеттерді қайтаруды ұсынады. Аталған бөлімнен электрондық билеттерді қайтару жөніндегі нұсқаулықты табуға болады.

ЭКСПО көрмесі Қазақстанды дүниежүзіне әйгілі ететіні белгілі, туристер үшін астанаға ғана емес, қазақтардың тарихи және мәдени объектілеріне толы басқа да өңірлеріне барудың жаңа бағдарлары әзірленді. Туристер астаналық көрмеге ғана емес, сонымен қатар осындай туристік бағдарларға да билет сатып ала алады.

Гүлтай Хасенова




Яндекс.Метрика