Үкімет

Үкімет ақпарат және коммуникациялар саласындағы өзгерістер туралы заң жобасын қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында БАҚ, телерадио хабар тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Заң жобасын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев таныстырды.
Астана қаласы30 Мамыр , 15:01

Заң жобасында азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

 «Атап айтқанда, дау-дамайларды сотқа дейін шешу процедурасын жетілдіру жолымен ақпаратты теріске шығаруға құқықты іске асыру мәселелері бойынша нормалар қарастырылған. Сонымен қатар субтитрді және сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың рұқсатынсыз олардың суретін қолдануға арналған талаптар тізбесі бекітіледі», - деді Д.Абаев.

Сонымен қатар,  ақпараттық кеңістікте балаларды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерге бейімделген Интернет контентін ұсынуға арналған талаптарды енгізу, құқық бұзушылық әрекеттері нәтижесінде зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу тәрізді өзгерістер ұсынылып отыр.

Заң жобасына ұсақ заң бұзушылықтар бойынша БАҚ қызметін тоқтату немесе тиражды тәркілеу сияқты әкімшілік жаза қолдануды алып тастайтын нормалар енгізілген.

«Бұдан өзге, отандық телевизия нарығын одан әрі дамытуға қатысты өзгерістер енгізу көзделуде. Онда отандық өндірістегі телеөнімдердің міндетті көлемін реттейтін заңнамалық нормаларды қайта қарау қамтылған», - деді министр.  

Сондай-ақ,  мемлекетпен БАҚ-тың өзара әрекеттестігін жетілдіру мақсатында «ресми хабар» ұғымын енгізу, БАҚ-тың жазбаша және ауызша сұраулары бойынша оған ақпарат ұсыну процесін реттеу жоспарланып отыр.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика