Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Кот-д’Ивуар өзара байланыстарын жандандыруға уағдаласты

Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Кот-д’Ивуар Республикасының Африкалық интеграция және шет елдерде тұратын ивуариліктер істері жөніндегі министрі Эли Кулибалимен кездесті.
Астана қаласы 30 Мамыр, 09:34

Бұл сапар қазақстан-ивуар қатынастары тарихындағы Кот-д’Ивуар өкілінің Қазақстанға жоғарғы үкіметаралық деңгейде жасаған алғашқы сапары болып табылады.

Кездесу барысында министрлер екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық  саладағы перспективаларын және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдарын талқылады.

Қ. Әбдірахманов дипломатиялық ынтымақтастық орнатылған кезден бастап екі ел арасында достық байланыстардың қалыптасқанын, тараптардың халықаралық аренадағы өзара қолдау көрсетулерін атап өтті. Кот-д’Ивуар Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдады, ал Қазақстан Кот-д’Ивуар-дың 2018-2019 жж. БҰҰ ҚК Тұрақты емес мүшелігіне қолдау көрсетті.

Қ. Әбдірахманов «Кот-д’Ивуар Қазақстанмен тауар айналымының көлемі бойынша Африканың 55 мемлекетінің ішінде 10-шы орын алады. Ол жақсы көрсеткіш, бірақ сауда көлемін әрі қарай өсіруге барлық негіздемелер бар», – деп айтты. Сұхбаттасушылар екі мемлекет арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаласты.

СІМ  хабарлағандай, тараптар екі елдің Ислам ынтымақтастығы ұйымының шеңберіндегі өзара іс-қимылы арнайы тоқталды. Эли Кулибали Кот-д’Ивуар Президентінің 2017 жылғы 10-11 шілдеде Абиджан қаласында өтетін ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 44-ші сессиясына шақыру хатын табыс етті.

Өз кезегінде, Қ.Әбдірахманов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кот-д’Ивуар Президенті Алласана Уаттараны 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін ИЫҰ Білім және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне шақыруын қайталап қуаттады.

Қазақстан мен Кот-д’Ивуар дипломатиялық қарым-қатынастарын 2009 жылғы 25 мамырда Дамаск қаласында өткен ИЫҰ СІМК 36-шы сессиясы барысында орнатты.

2016 жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Кот-д’Ивуар  арасындағы сауда айналымы 2,7 млн. долларды құрайды.

 

 





Яндекс.Метрика