Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Эстония тұрақты саяси диалогты іске асыруда

Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл толады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Мамыр , 09:12

«Өткен ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, Қазақстан-Эстония ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді.  Екі ел арасында барлық деңгейде, сондай-ақ халықаралық аренада тұрақты саяси диалог іске асуда. Парламентаралық байланыстар нығаюда, шарттық-құқықтық және институционалдық база қалыптасқан», - делінген хабарламада.

Жан-жақты диалогты кеңейтуге Президент Н.Назарбаевтың (1994 және 2011 жж.) Эстонияға, Президенттер А.Мэри (1994 ж.) және А.Рюйтелдің (2004 ж.), сондай-ақ Премьер-министр А.Ансиптің (2009 және 2012 жж.) Қазақстанға сапарлары маңызды серпін берді.

Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жеткілікті қорлар бар. Кезекті отырысы 2016 жылғы 24 қазанда Таллиннде өткен Экономика, ғылым және техника саласындағы ынтымақтастық жөніндегі  Үкіметаралық комиссияның экономикалық байланыстарды барынша кеңейтуге ықпал етуде.

Білім саласы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының бірі болып табылады. 2009 жылғы екі елдің білім министрліктері арасындағы келісім жоғары оқу орындары арасындағы табысты ынтымақтастықтың алғышарты болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстанның жеке жоғары оқу орындарымен Эстония жоғары оқу орындары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаннан бері 25 жыл ішінде елдеріміз ынтымақтастықтың барлық бағыттарында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді және оны бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық мүддесінде екі ел халқының  игілігі жолында одан әрі нығайту көзделеді.




Яндекс.Метрика