Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Болашақта қазақстандықтар қолданатын инновациялық технологиялар

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында екі инновациялық кластер: Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркін дамытудың рөлін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі уақытта «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры өз қызметінде 4 үлкен жобаны іске асыруда. Бұл қандай жобалар және олар индустриялық өндірісте нені дамытады, осы жайында Strategy2050.kz АА тілшісінің материалынан оқыңыз.
Казахстан25 Мамыр , 15:57

«100 нақты қадам» бағдарламасында атап өтілгендей, нақты өндірістік жобаларды іске асыру үшін Инновациялық технологиялар паркі қазіргі уақытта жергілікті және шетелдік жоғары технологиялық компанияларды белсенді түрде тартуда. Дербес кластерлік қор ірі шетелдік компаниялармен бірлесіп, Қазақстанда жоғары инновациялық технологияларды дамыту үшін жобалар әзірлейді.

«Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының басқарушы директоры Әлібек Қабылбай ҚР инвестициялар және даму министрлігінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның индустрия және экономика саласын ілгері дамытатын 4 ірі жоба туралы айтып берді.  

«Бірінші жоба – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы, екіншісі – инновациялық жобаларды дамыту қоры. Үшіншісі – «100 нақты қадам» бағдарламасының 63-қадамы аясында біліктіліктер орталығын құру. Төртіншісі – қазіргі уақытта өз жұмысын бастап, 2020 жылға дейін іске асырылатын «Стартап Қазақстан» бағдарламасы», - деп атап өтті Әлібек Қабылбай.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында қазіргі уақытта 154 компания тартылған.  

«Мұнда 63 IT компания жұмыс істеп жатыр. Олар арнайы экономикалық аймақ аумағында болмаса да, осы экономиалық аймақ шеңберінде тіркеліп, өз қызметін салық төлемей-ақ жүзеге асыра алады. Шетелдіктер қатысатын компаниялардың саны – 21», - деп ақпараттандырды спикер.

Ә. Қабылбайдың айтуынша, 2016 жылы 13 компания 1,8 млн АҚШ долларынан астам сомаға өз қызметтерін экспорттаған. Осы қазақстандық компаниялар экспорттайтын негізгі елдер – Ресей (1 млн доллар көрсетілетін қызметтер мен өнім көлемі), Литва және АҚШ.

Келесі жоба жер қойнауын пайдаланушылардың жиынтық жылдық кірісінің бір пайызын жинайтын инновациялық жобаларды дамыту қоры болып табылады.

«Ағымдағы сәтте 20 жер қойнауын пайдаланушыдан 1,5 млрд теңге тартылған. Оның ішінде 898 млн теңге сомасына 34 жоба қаржыландырылды. Бұл энергия тиімділігі, геологиялық барлау жұмысын зерттеу, металл балансын оңтайландыру саласындағы жобалар», - деп түсіндірді Ә. Қабылбай.

Кластерлік қор біліктіліктер орталықтарын құрумен де айналысады – осының барлығы «100 нақты қадам» бағдарламасының 63-қадамы аясында.

«Қазір бізде тау-металлургиялық кешен саласындағы біліктіліктер орталығын, жаңа материалдар мен аддитивті технологиялар орталығын, аддитивті машина жасау орталығын, кейін Қаржы технологиялары орталығы мен ақылды технологиялар орталығын ашу жоспарланып отыр. Ол үшін  «McKenzie», Matteria, «Axial», «IBM», «Autodesk», «Ecodomus» сияқты трансұлттық компаниялар тартылды. Бұл айналымы 1 млрд доллардан асатын және өздерін көптеген елдерде жетекші компаниялар ретінде танытқан компаниялар», - деп нақтылады спикер.

Ол атап өткендей, осы компаниялар инвестицияларды да және біліктіліктерді де тартады, яғни барлық қажетті компоненттер Қазақстан экономикасының салаларын ең жаңа инновацияларға қарай ілгерілетеді.

«Дербес кластерлік қор орталығы аясында пилоттық жобалар іске асырылды. Биыл біз Дүниежүзілік банктен тартылған қаражаттың көмегімен «4.0. индустрия жобасын» іске асыру үшін тағы 10 жобаны тартуды жоспарлап отырмыз. 43 млн теңге инвестицияланып, «ERG Қазақмыс», «Kazminerals» сияқты компаниялардың 50 маманы оқытылды. Қорларды сақтауға жұмсалатын шығынды 50%-ға дейін азайту бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Еңбек өнімділігі 20%-ға өсті, сондай-ақ энергия тиімділігі бойынша көрсеткіштер де өсті», - деді Әлібек Қабылбай.

Инновациялық технологиялар паркінің дәл осындай жобалары басқа орталықтар бойынша да іске асырылады.

«Стартап Қазақстан» келесі төртінші жобасы аясында дербес кластерлік қор ТМД-ның барлық аумағы бойынша жобаларды іздеу мен іріктеуді іске асырды. Атап айтқанда, Ресей, Белоруссия, Украина және АҚШ-та.

«Сан-Францискодан жобалар іске асырылды. Басты мақсатымыз – 2020 жылға дейін 500 стартап іріктеп алу. Соңғы нәтиже – 50 жаңа жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған компания. Бүгінгі таңда 2017 жылы 40 жоба іріктеліп, қазір олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жобаларға венчурлық американдық қор қаражаты инвестицияланды», - деп атап өтті спикер. 

Сондай-ақ, осы стартаптардың қандай критерийлер бойынша іріктелетіні туралы да айтылды.

«Инновациялылық, табыстылық критерийлері бойынша және ең бастысы – бизнес-модель құру. Бұл жобаларды қазір американдық компания құрып жатқан венчурлық қор қаржыландырады. Қазіргі уақытта венчурлық қордың құрылуы заңды ресімдеу кезеңінде. Біздің міндетіміз – бизнес-жобада табысты, экономикалық бәсекеге қабілетті стартаптарды дамыту үшін жағдай жасау», - деп түйіндеді Ә. Қабылбай.

Басқарушы директордың айтуы бойынша, қазіргі сәтте жұмыс жалғасуда және Инновациялық технологиялар паркі ДКҚ сапалы жобаларды одан әрі іздеп, іріктейтін болады. Қаржыландыру жуық арада басталады.

Ақбота Күзекбай

Сурет: ашық дереккөздерден 




Яндекс.Метрика