Қазақстан және БҰҮ

Қазақстан террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін қалыптастыруды ұсынады

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде терроризм мен экстремизмге қарсы шараларды ұйымдастыруы тиіс. Сондықтан, ауқымды халықаралық аренада террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін қалыптастыру қажет. Бұл туралы Астанада «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.
Астана қаласы25 Мамыр , 15:17

«Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес барлық мемлекеттердің, барлық халықаралық және өңірлік ұйымдардың, негізгі әріптестердің бірлесіп күш салуын талап етеді. Сондықтан, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік етуі кезіндегі басымдықтарының бірі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл болып табылады. Ең алдымен, бұл ұсыныс терроризмге қарсы жаһандық желі құруға қатысты», - деді Н. Нығматулин.

Бұл жаңа ұсыныс емес, себебі Қазақстанның Президенті Нью-Йорктегі мерейтойлық сессияда осы дүниежүзілік терроризмге қарсы, жаһандық желі құру жөніндегі ұсыныспен сөз сөйлеген болатын. 

Нұрлан Нығматулин сондай-ақ бар террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін құруды да ұсынды.

«Сондай-ақ ауқымды халықаралық негізде террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін қалыптастыру керек және біз БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі ауқымды конвенциясының қабылдануын қолдаймыз. Осы құжаттың қабылдануы Елбасымыз қойған мақсаттарды іске асыру бойынша практикалық қадамдарды бастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мәселе өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылдың мәні болып табылады», - деді Н. Нығматулин.

Мәжіліс спикері атап өткендей, ТМД терроризмге қарсы орталығы мен ШЫҰ терроризмге қарсы өңірлік құрылымы желісі бойынша бірлескен нақты әрекеттер жүзеге асырылып жатыр.

РФ Федералды жиынының Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Владимир Васильев те Ресейдің терроризмге қарсы күресті қалай жүргізіп жатқанын мысалға келтіріп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының барлық қатысушыларын осындай әрекеттерге қарсы бірлесіп іс-қимыл жасауға шақырды.  

«Террористік әрекеттер аясында ҰҚШҰ жұмысы және оның парламенттік өлшемі басқаша бағаланады. Кезінде Ресейдегі терроризм қаупі Еуропамен салыстырғанда ең жоғары деңгейде болған. Алайда, 2007 жылдан бастап сарапшылардың бағалауы бойынша бұл қауіп күрт төмендеген. Қабылданған шаралардың барлығы ҰҚШҰ жетістігі болып табылады. Осының барлығын біз бірлесіп атқардық және сіздердің заңнама саласындағы жұмыстарыңызға, біздің арнайы қызметтеріміздің өзара іс-қимылына, Қазақстан Президентінің қолдауына сүйене отыра, үлкен алғыс білдіремін. Бүгін осы жерде ҰҚШҰ сияқты маңызды ұжымдық орган үшін осындай маңызды оқиғаларды атап өту үшін жиналып отырмыз. Бұл сіздердің беделдеріңізді мойындау. Осы жерде айтылған жоспарлар, бүгінгі жоғары деңгейдегі жиынды талқылаудың негізгі нәтижелері қаралатын болады», - деді В. Васильев.

Еске сала кетейік, халықаралық дөңгелек үстел барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанда және Орталық Азияның кейбір елдерінде болуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика