Парламент

Н.Нығматулин өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуда күш біріктіруге шақырды

Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту бойынша күрес бірге жүргізілуі керек, деді «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел барысында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Астана қаласы25 Мамыр , 12:18

«Елбасының ірі бастамалары тек аймақтарда ғана емес, әлемдік деңгейде зор қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде, біздің елдеріміз барлық салада жоғары стратегиялық әріптестік орнатты. Оның ішінде, аймақтық ынтымақтастық және қауіпсіздік бойынша да әрқашанда жемісті  жұмыс атқарып келеді. Бірақ та, қазіргі уақытта бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіп-қатерлер өте көп. Бұл біздің елдерімізден әріптестікті бұрынғыдан да күшейтіп, бірлесе әрекет етуді талап етеді»,-деді Н.Нығматулин.

Маңызды жиынды бірлесе ұйымдастыруға қолғабыс еткен Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт ұйымына ризашылық білдіре келіп, биыл Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ал Парламенттік Ассамблеяның құрылғанына 10 жыл толып отырғанын айтты.

«Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын, бүгінгі күні Қазақстанның Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең қауіпсіз ел екенін алға тартты», - деді Н.Нығматулин.

Спикердің айтуынша осы жолда ҰҚШҰ Парламенттер Ассамблеясына кіретін елдер парламенттерінің рөлі өте зор және жүктеліп отырған жауапкершілік те өте жоғары.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ресми түрде жұмысқа кірісті. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, аймақтық қауіп-қатерлер мен сынақтарға тиімді қарсы іс-қимыл, ынтымақтастықты нығайту, одан әрі тереңдету бағытында белсенді жұмыстар қолға алмақ.

«Халықаралық үдерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жол ашады. Орталық-Азия өңірінде қауіпсіздікті қорғауда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарттың рөлі өте зор. Бұл жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберінде өз әріптестерімен тығыз қатынас орнатуы өте маңызды. Парламенттік дипломатия көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдер ұстанымдарын алға жылжытуға және тараптардың мүдделерін қозғайтын құжаттардың мазмұндық сипатына ықпал ете алады,-деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Парламенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясымен құрылған, биыл 25 жыл толып отырған, қауіпсіздік мәселесіне етене араласатын Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес аясында көптеген халықаралық шарттарды және ҰҚШҰ шеңберінде 38 халықаралық шартты, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында 17 халықаралық шарттарды ратифициялаған.

Осы орайда Қазақстан  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі кезеңінде  2018 жылдың қаңтарында Орталық Азиядағы  бейбітшілік пен қауіпсіздік  шараларын нығайту бойынша  нәтижелік пікірталастар мен мазмұнды, теңдестірілген  шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика