Инвестициялар

ИДМ инвестиция саласында 11 халықаралық келісімді ратификациялауды қарастырып отыр

Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдында министрліктің 2016 жылы атқарған жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді.
Астана қаласы25 Мамыр , 12:11

ҚР ИДМ басшысы орталық мемлекеттік орган атқарып жатқан негізгі бағыттарға тоқталды. Олардың қатарында индустриялды даму, экономиканы технологиялық модернизациялау, инвестиция тарту, экспортты ілгерілету, инновацияны дамыту, геология мен жер қойнауын пайдалану, еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту, құрылыс және ТКШ, сонымен қатар «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бар.

«2016 жылы министрлік 3 салалық заң жобасын әзірледі. Бұл әуе кеңістігін пайдалану мәселесі бойынша Заң және стандарттау жөнінде 2 заң жобасы. 388 қосымша заң актілері әзірленді. Оның ішінде 111-і Үкіметте қабылданды, 277 бұйрық шығарылды (әділет органдарына тіркелді). Бұл қоғамның, кәсіпкерлік субъектілер мен азаматтардың тиімді қызмет етулеріне жағдай жасауда министрлік жетекшілік ететін жеке салаларда нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге мүмкіндік берді»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Ведомство хабарлағандай, биыл министрлік бірқатар нормативтік-құқықтық актілер әзірлеуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында экспорттық бақылау, көлік, тұрғын үй құрылыс кооперативтері мен тұрғын үй қызметін ұйымдастыру туралы, «Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар туралы» жаңа заң жобасы бар. Сонымен қатар, инвестиция мен көлік салалары бойынша 11 халықаралық келісімді ратификациялау қарастырылып отыр.

Ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес мүшелеріне 2016 жылы министрліктің стратегиялық жоспарының орындалуы туралы да айтып берді.

«Бүгінгі күні ҚР ИДМ Қоғамдық кеңесінің 14 отырысы өткен.Отырыс қорытындысы бойынша стратегиялық маңызды құжаттар бүге-шігесіне дейін қаралды. Олардың қатарында министрліктің 2014-2018 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары, 2016-2018 жылдарға арналған Бюджеттік бағдарлама, ҚР 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары, 2015-2019 жылдарға арналған ҚР Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы сияқты жобалар бар», - деді ол.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес құқыққа, азаматтардың міндеттері мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық акт жобаларын әзірлеу мен талқылауға атсалысады. Жалпы, кеңес 490 нормативтік-құқықтық акт жобаларын қарады.




Яндекс.Метрика