Парламент

Әділет министрі ҚР Үкіметінің жаңа өкілеттігі туралы баяндап берді

ҚР «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті қайта бөлу мәселелері туралы өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша әділет министрлігі төрт кодекс (Жер, Су, Бюджеттік, Кәсіпкерлік) пен 22 заңға өзгертулер енгізетін заң жобасын әзірледі. Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілістегі жалпы отырыста мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан24 Мамыр , 12:39

 «Елбасы арнайы үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында Президенттің заң деңгейінде бекітілген кейбір өкілеттіктерін қайта бөлу туралы тапсырма берген.Елбасының өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы қайта бөлуге жататын өкілеттіктерді анықтады. Олар әлеуметтік-экономикалық салаларды реттейтін Президенттік өкілеттіктер. Әділет министрлігі өз кезегінде тиісті заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасымен төрт кодекске (Жер, Су, Бюджеттік, Кәсіпкерлік) және жиырма екі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделеді», - деді М.Бекетаев.

Оның айтуынша,  ұсынылып отырған түзетулер келесі бағыттарды қамтиды.

«Бірінші бағыт бойынша Үкіметке Президенттің экономикалық үдерістерді реттеу саласындағы келесі өкілеттіктерін беру ұсынылады:индустриялық-инновациялық қызметті қолдау саласындағы экономиканың басым секторларын айқындау;арнайы экономикалық аймақтарды құру;Ұлттық Банк пен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде арнайы валюталық режимді енгізу;мемлекеттік-жекешелік әріптестік мақсаттарына берілмейтін объектілер тізбесін айқындау», - деді министр.

Заң жобасына сәйкес теңізде, ішкі су айдындарында, төтенше экологиялық жағдай аймақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу мүмкіндіктері туралы шешімді енді Үкімет өзі қабылдайтын болады.

«Сонымен қатар, Президенттің және Президент Әкімшілігінің келісімімен жүзеге асырылатын келесі өкілеттіктерді беру ұсынылып отыр:мемлекеттік жоспарлау жүйесін анықтау;жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді белгілі бір мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдау;мемлекеттік орган туралы Үлгілік ережені бекіту;меншіктен шығаруға жатпайтын мемлекеттің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің тізімін бекіту», - деді М.Бекетаев.  

Екінші бағыт Президенттің әлеуметтік маңызы бар кейбір өкілеттіктерін беруді көздейді.

«Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңында мерекелік күндер тізбесін бекіту өкілеттігін Үкіметке жүктеу қарастырылады», - деді ол.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, үстемеақылар белгілеу тәртібін айқындау өкілеттіктерін Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Үкіметке беру ұсынылады.

«Сонымен бірге, Заң жобасы қайырымдылықты ынталандыру мақсатында қолданылатын қайырымдылық субъектілеріне құрметті атақтарды белгілеу және беру тәртібін Үкіметтің бекітуін көздейді.Үшінші бағыт Президенттің кейбір ұйымдастырушылық сипаттағы өкілеттіктерін беруді көздейді», - деп атап өтті ол.

Осылайша, Үкіметке облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын анықтау, айрықша стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізімін анықтау және тағы басқа өкілеттіктерді беру жоспарлануда.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті орган жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау тәртібін Президенттің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындау өкілеттігі Үкіметке беріліп отыр», - деді ол.  

Сондай-ақ, Үкіметке Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органдарға, шетелдегі мекемелерге және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберу тәртібін бекіту туралы өкілеттіктікті беру ұсынылып отыр.

«Бұдан басқа, Заң жобасы Президенттің шетелдік қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде міндетті арнайы тексеруден өткізу тәртібін анықтау өкілеттігін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді көздейді.Заң жобасы билік құрылымдарының жұмысын қазіргі заман талаптарына сай етіп ұйымдастыруға бағытталып отыр», - деді М.Бекетаев.

Айта кетейік, Елбасы өзінің арнайы Үндеуінде  Президенттің кейбір  өкілеттігін  билік тармақтары арасында заңнамалық  дәрежеде бөлу туралы айтқан болатын.  Президенттің бұйрығымен құрылған арнайы жұмыс тобы  бөлуге келетін құзыретті анықтады.  Бұл -Елбасының  экономикалық-әлеуметтік  саланы реттеу өкілеттігі.

Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика