Парламент

Әділет министрлігі прокуратура және сот қызметі жүйесіне түзетулер енгізуді ұсынды

ҚР әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілісте өткен пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына прокуратура және сот қызметі жүйесіне қатысты түзетулер енгізуді ұсынды.
Нұр-Сұлтан24 Мамыр , 11:28

«Заң жобасында прокуратура және сот қызметі жүйесіне қатысты түзетулер көзделген. Түзетулердің бірінші тобы жаңа редакциядағы «Прокуратура туралы» Заң жобасымен байланысты, ол Президенттің заңнамалық бастамасы бойынша Парламенттің қарауына енгізілетін болады. Соның ішінде прокурорлық ден қоюдың жаңа актісі болып табылатын өтінішті енгізу тиісті іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер енгізуді қажет етеді. Сонымен бірге конституциялық өзгерістерге сәйкес, прокурорлық ден қою шеңберлерін айқындайтын түзетулер көзделген», - деп мәлімдеді М.Бекетаев.

Түзетулердің екінші тобы кассациялық сатыдағы сот қарайтын мән-жайлармен және судья болуға үміткерлерге қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты.

«Жоғарғы Сот Төрағасына өз бастамасымен ұйғарымдар енгізу құқығын бере отырып, азаматтық іс жүргізу кодексінде және қылыстық-іс жүргізу кодексінде тәрізді әкімшілік істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау ұсынылады. Бұдан бөлек, аудандық соттардың төрағаларына қатысты конкурстық рәсімдерді өткізу тәртібін оңтайландыру ұсынылады. Заң жобасы еліміздегі саяси реформалардың маңызды бөлігі болып табылады», - деп атап өтті М.Бекетаев.

Еске сала кетейік, министр Ұлттық банк, дипломатиялық қызмет, әділет органдары туралы заңдардың ережелері қаралғаны жайында айтып өткен болатын.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика