Парламент

Мәжілісте терроризм актісі үшін азаматтықтан айыру туралы заңжобасы қаралды

Терроризм актісі үшін, террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін азаматтықтық айыру ұсынылуда. Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілістің пленарлы отырсында хабарлады.
Нұр-Сұлтан24 Мамыр , 11:12

Ұсынылып отырған Заң жобасының мақсаты конституциялық заңдармен регламенттелген нормаларды қоспағанда заңнамалық актілерді Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру.  Жоба Президенттің Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді.

«Конституцияға сәйкес келтіру үшін 7 кодекс пен 46 заңға өзгерістер енгізу қажет. Қылмыстық кодекстің 21 бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді. Осылайша, Қылмыстық Кодекстің 10 бабында көзделген 14 аса ауыр террористік қылмыстар құрамдары бойынша қосымша жаза ретінде азаматтықтан айыру ұсынылып отыр. Мысалы, терроризм актісі үшін (ҚК 255-бабы 3-бөлігі), террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін (ҚК 257-бабы 3-бөлігі) және тағы басқалары», - деді  М. Бекетаев.

Министр атап өткендей, Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір бапта көзделген он алты қылмыс құрамдары кірді. Мысалы, геноцид (ҚК 168-бап), сепаратистік әрекет (ҚК 180-бабы 3-бөлігі), экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу (ҚК 182-бабы 3-бөлігі) және тағы басқалары.

 «Бұл жазаны сот ерекше жағдайларда, жасалған іс-әрекеттердің және әкеп соққан зардаптың ауырлығын, істің нақты мән-жайын негізге ала отырып тағайындайды. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органда тіркеуге жатады», - деп баса айтты  М. Бекетаев.

Сонымен қатар министр жеті заңның нормаларында «ұлтаралық» деген сөз «конфессияаралық» деген сөзбен толықтырылатынын (азаматтық туралы, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы, халықтың көші-қоны туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, волонтерлік қызмет туралы) хабарлады.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика