Мәдениетті жаңғырту

Алматыда «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» жобасын жүзеге асыру бойынша қаланың шығармашылық зиялылары, мәслихат депутаттары, бизнес - қоғамдық өкілдері және басқалары қатысқан кеңес өтті.
Алматы қаласы23 Мамыр , 20:21

Алматыда «Туған жер»  бағдарламасы аясында болашақта мектептерде «Туған өлке тарихы» сабақтарын өткізу, ескерткіштерді өңдеу, қала инфрақұрылымын жақсарту жөнінде әлеуметтік жобалар тізімін жасау, әлеуметтік нысандарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, жекелеген адамдарға материалдық  көмек көрсету, «Таза көше» және «Таза аудан» акцияларын өткізу, туристік карта жасау, жас тарихшылар слетін, жас өлкетанушылар форумын өткізу және басқа да өрелі  істерді жүзеге асыру жоспарланған.

Бұлардан өзге, осы  іске қызығушылық танытқандардың жеке ұсыныс –пікірлерін білдірулері үшін краудсорсингті онлайн-платформа ұйымдастырылады, сонымен қатар қалалық телеарнада  мәдени – ағартушылық, тарихи  «Туған жер» реалити- шоуы жасалады.

Жиын барысында археолог-өлкетанушы Карл Байпақов Алматыда  ашық аспан астындағы мұражай салу туралы ұсыныс  айтты.

«Әр қаланың бет- бейнесі мұрайжайлар мен театрлар санына қарай анықталады. Біздің балаларымыз бен өзіміз еліміздің тарихын жете  білуіміз үшін  Алматының ерте тарихымен байланыстыратын  мұражайлардың болғаны абзал. Барлық ірі қорғандар – ерекше маңызы мен мәдениеті бар күрделі сәулет кешендері. Олардың басым көпшілігі  әлі жасырын қалуда. Көпшілігіңіз көрген шығарсыздар, Розыбакиев көшесі бойындағы сауда орталығы маңында ескі қорғанның  қалдығы жатыр, соны неге  мұражайға айналдырмасқа», - деді Карл Байпақов.

Алматы  әкімі  бұл бастаманы қолдап, Розыбакиев көшесі бойындағы ірі сауда орталығына қарсы орналасқан жерді мемлекет  меншігіне қайтарудың механизмдерін жасауды тапсырды. Әкім әуежайға барар жолда да ескі қорғандардың сақталып қалғандығын, олардан да ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыруға болатындығын сөз етті.

«Осындай жер иелері біздің тарихымызды біліп қана қоймай, құрметтеулері де тиіс деп ойлаймын. Кейде тарихымыз жойылып, рухани, мәдени және экономикалық зардаптарға тап боламыз. Әрине, асфальт төсеп, бірдеңе тұрғызуға болар, бірақ мәні жоғары мұндай жерлерді қалаға қайтарса, оның берер  рухани пайдасы мол  әрі «Туған жер» бағдарламасы аясындағы қайырымдылық болар еді», -  деп атап өтті  Б.Байбек.

Алматы  әкімі қайырымыдылық пен меценаттықтың алматылықтар үшін дәстүрге айналғандығын жеткізді. Кәсіпкерлер әлеуметтік нысандарды салуға, маңызды әлеуметтік шараларды өткізуге белсенді түрде араласып, қайырымдылық көмектерді де жиі көрсетуде. 




Яндекс.Метрика