Білім беру

Жамбыл облысында 6136 түлек ҰБТ тапсырады

2016-2017 оқу жылында облыстағы 351 жалпы орта білім беретін мектептерді 8826 оқушы бітіргелі отыр. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының жетекшісі Сұлушаш Құрманбекова мәлімдеді.
Жамбыл23 Мамыр , 16:21

Мектептерде қорытынды аттестаттау 29 мамыр – 9 маусым күндері аралығында 5 пән бойынша өтеді.

«Биыл 237 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне және 139 оқушы үздік аттестатқа үміткер.Ағымдағы оқу жылында пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған 105 іс-шара өткізіліп, оған 9842 (40,9%) педагог қамтылды», - деді спикер.

Сұлушаш Сәтбекқызының ақпаратынша, 2016-2017 оқу жылында облыстағы 351 жалпы орта білім беретін  мектептерді 8826 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде 6611-і қазақ тілінде, 2189-ы орыс тілінде, 26-ы өзбек тілінде бітіреді.

Биылғы оқу жылынан бастап мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестат алу үшін мектепте қорытынды аттестаудан өтеді, яғни мемлекеттік емтихан тапсырады. Ал, жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

«Жазбаша және ауызша емтихандарды, сонымен қатар, тесттің жауап парақтарын мектептерде құрылған мемлекеттік емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріп, бағалайтын болады», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.

2017 жылдан бастап ҰБТ жаңа форматта облыстағы 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде ағымдағы жылдың 20 маусым - 1 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға қатысушылар 3 міндетті пәннен, 2 бейінді пәннен тест тапсырады.

Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 50 минутты құрайды. Жалпы 120 сұрақ беріледі.  Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Тест қағаз түрінде тапсырылады.

Тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің өтінімдері  10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданды.  

ҰБТ-ді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр – олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі.

 

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика