Білім беру

Маңғыстау облысында жыл соңына дейін 21 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланған

Бірінші тоқсанда 697 орындық 11 жекеменшік балабақша ашылған, деді облыстық білім басқармасының бастығы Зейнеп Тастемірова.
Маңғыстау23 Мамыр , 11:19

Жыл соңына дейін 3420 орынға 21 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған. Оның ішінде 1210 орындық 12 же­кеменшік, 8 мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы 1890 орындық, 320 орынға бір мемле­кеттік балабақша. І тоқсанда 697 орындық 11 жекеменшік балабақша ашылған.

«Білім сала­сына 2017 жылдың бюджетінен 56, 8 млрд. теңге бөлінген. Негізінен қаржы білім беру ұйымдарының құрылысына, ағымдағы және күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, сонымен қатар балабақшалар мен колледждерге мемлекеттік тапсырыс қабылдауға жұмсалып отыр», - деді басқарма басшысы Зейнеп Тастемірова.

Ақтау қаласының 26 шағынауданындағы280 орындық №38 балабақша ғимаратын кері қайтару мәселесі шешілмей тұрғандығы айтылды. Аталған ғимаратты кері қайтару үшін ғимаратты жалға алып отырған ҚР Қорғаныс министрлігінің 44273 әскери бөліміне басқа жерден ғимарат тауып беру қала әкімдігіне міндеттелді.

Айта кетерлігі, облыста 494 білім беру ұйымдарының ішінде 252 балабақша (33 497 бала), 146 мек­теп (121 211 оқушы), 26 колледж (22 454 студент), 57 қосымша білім беру ұйымы (36 261 оқушы), 13 арнайы білім беру ұйымы (1189 оқушы) бар.




Яндекс.Метрика