Парламент

Н.Нығматулин: Парламентаралық байланыстар Грузиямен ынтымақтастықты күшейтуге жұмыс істейді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы Грузияның Төтенше және Өкілетті елшісі Зураб Абашидзені қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 22 Мамыр, 12:08

Тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады. Биыл екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды.

Сондай-ақ, 26-мамыр Грузия елінің тәуелсіздікті қалпына келтіру - ұлттық мейрамы. Мәжіліс Төрағасы мейманды қос мерекемен құттықтады.

Н. Нығматулин атап өткендей, Грузия Қазақстанның маңызды сыртқы саяси және экономикалық әріптесі. Өткен жылы қос мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 41 млн АҚШ долларын құрады. Мәжіліс Төрағасы аталған мемлекеттің Маңғыстау облысымен Аджария арасында тікелей экономикалық байланыстар орнату туралы бастамасын қолдайтындығын білдірді.

Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық, халықаралық байланыстар мәселелері де назардан тыс қалмады.

Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, елшіні Қазақстан Президентінің бастамасымен елде жүргізілген конституциялық реформа төңірегінде хабардар етті.

Парламентаралық ынтымақтастыққа да айрықша көңіл бөлген Мәжіліс Төрағасы ықпалдастық жөніндегі парламенттік топтар мен бейінді комитеттер мүмкіндігін пайдалану керектігіне тоқталды. Тараптардың пікірінше ол екіжақты байланыстарды нығайтуға зор ықпал етеді. 





Яндекс.Метрика