Экономика

ОҚО-да жібек мата өндіру ісі қолға алынды

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндіру ісі қолға алынды, деп хабарлады ОҚО әкімдігі.
Оңтүстік Қазақстан20 Мамыр , 12:03

Биыл жергілікті 600 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік мол. Егер оған қоса жібек құртын өсіріп, өнім өндіретін болсаңыз, тағы 1 млн теңге пайда табуға болады. Жоғары сұранысқа байланысты, өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады»,- делінген хабарламада.

Хабарламаға сәйкес, әр гектардан 50 тоннаға дейін жапырақ өндіріледі. Жапырағын жылына төрт рет жинақтауға болатын тұттың бұл сортын қандасымыз шетел ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау нәтижесінде ойлап тапқан. Жапырағы мол жаңа өнімге «Нұрлы жер» деген  атау беріпті.

Өсімдіктерді будандастыру нәтижесінде мол өнім беретін бұл тұт ағашы көктемгі суыққа өте төзімді. Жапырақ жеуден басқаны білмейтін мыңдаған жібек құрты бастапқыда кішкентай 40 грамдық қораптарға салынып өсіріледі. Ұсақ жібек құрттарының бастапқы салмағы 30-40 грамнан аспайды. Түлеген сайын, қабықтарын тастап, 70 есеге дейін үлкейеді.

Қазақстанда жасалған жібектен тігілген киімдер қазіргі заманның киімдерімен де үйлесім тапқан. Қанық түсті, әдемі өрнектелген маталарды көбінде ұлттық киімдерге жиі пайдаланады.




Яндекс.Метрика