АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

ОҚО-да 363 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 363 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Бұл кооперативтерге 40 мыңға жуық үй шаруашылығы мен фермерлік қожалықтар біріктірілген, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ОКҚ-дағы брифингте.
Астана қаласы19 Мамыр , 17:58

Республикада облыстың ауыл шаруашылығының өнім көлемінің үлесі 12,3%-ды құрайды.

«Жекелей тарқатып айтсақ жылыжайлар - 1123 га, республикадағы  үлесі  - 80%, мақта - 286,7 мың тонна, үлесі - 100%, бақша – 1 млн 264,5 мың тонна, үлесі - 61,1%, жүзім - 51,4 мың тонна, үлесі - 68,5%, жеміс - 90,7 мың тонна, үлесі - 37,8%, көкөніс - 944,2 мың тонна, үлесі - 25%», - деді аймақ басшысы.

Әкімнің хабарлауынша, өңірде жерді тиімді пайдалану, суармалы егісті кеңейту бойынша өндіріске жаңа технологиялар, оның ішінде терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі, жылыжайлар салу, интенсивті бауларды ұлғайту жұмыстары жалғастырылуда.

«Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мың га өсіп, 792,3 мың га жеткізілді.  Сонымен қоса, интенсивті бау аумағы 2630 га жеткізіледі. Қазіргі таңда интенсивті баулардың тиімділігіне шаруалардың көздері толығымен жетіп отыр. Дәстүрлі баулардан гектарына 40-50 цн. өнім алынса, интенсивті баулар 500 - 600 цн. дейін өнім алуға мүмкіндік береді»,- дейді Ж.Түймебаев.

Бұдан бөлек, 493 га жерге жаңғақ және алғаш рет 50 гектарға бадам бауын отырғызу жоспарлануда

«Мал шаруашылығын дамыту бағытында осы жылы 3 013 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары мен 722 бірлік жанұялық сүт фермалары, 14 бірлік шағын құс фермалары,  4 бірлік балық шаруашылықтары ашылатынын хабарлады. Осылайша, 2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476 млрд. теңгені құрап, өсім 3,7 % деңгейінде болады деп жоспарлануда», - деді спикер.

Облыста басымды бағыт - инвесторлармен бірігіп, ірі жобаларды іске асыру қолға алынып отыр.  Мысалы, Қазығұрт ауданында жоба құны 603 млн. теңге болатын құрғақ сүт және сары май шығаратын зауыт салынуда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 17,5 мың тонна.

Ал,  «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күрке тауық етін өндіру өндірісінің қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға ұлғайту  көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыста жібек шаруашылығы қолға алынуда.

Бәйдібек ауданында «Жібек және бау-бақша өнімдері бірлестігі» ЖШС-гі құрылып, жібек құртының азығы болып табылатын тұт ағаштары 25 га алқапқа отырғызылды.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика