Энергетика

ОҚО үш жыл ішінде электр энергиясымен толық қамтамасыз етілмек – әкім

Электр энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы сапалы электр энергиясымен 100% қамтамасыз етіледі. Бұл туралы өңір әкімі Жансейіт Түймебаев ОҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оңтүстік Қазақстан19 Мамыр , 12:26

«Жалпы облыс тұрғындары электр энергиясымен 100% қамтамасыз етілген. Оның ішінде 149 елді мекен сапалы электр энергиясын жеткізуді қажет етеді. Жеке тұрғын үйлерді салу барысында олар техникалық талаптарды бұза отырып, электр желілеріне рұқсатсыз қосылған», - деді Ж. Түймебаев.

Оның айтуынша, Электр энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, облыс сапалы электр энергиясымен 100% қамтамасыз етілетін болады.

Сондай-ақ, әкім тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. 

«Облыстың елді мекендері ауыз сумен 73,2% қамтамасыз етілген (халықтың 90%-ы). Республикада осы көрсеткіш бойынша біз 4-орындамыз. Осыған орай, арнайы бағдарлама қабылданды, оған сәйкес, барлық 844 елді мекеннің 701-і, яғни 83%-ы ауыз сумен қамтамасыз етіледі»,  - деп атап өтті өңір басшысы.

Сонымен бірге, шымкенттік «Су ресурстары – Маркетинг» компаниясы ТМД елдері арасында жетекші кәсіпорындардың біріне айналды.

«Компания 40,0 млн еуро (9,1 млрд теңге)  мөлшерінде инвестиция тартып, автоматтандырылған жүйені толық енгізген. Биогаз өндірісін ретке келтіріп, электр энергиясын шығару кешенін салған», - деп ақпараттандырды Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта елді мекендердің 35,5%-ы табиғи газбен де қамтамасыз етілген (халықтың 62 %-ы). 2016 жылы бұл көрсеткіш 32,5% құраған.

Спикер атап өткендей, өңірдегі тұрғындардың жоғары санын ескерсек, бұл көрсеткіш республикадағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі болып табылады.

«4 жыл ішінде табиғи газбен 383 елді мекен қамтамасыз етіледі. 2021 жылға дейін табиғи газбен қамтылған елді мекендердің санын 683-ке дейін жеткізу (80,9 %) немесе 2 млн 720 мың тұрғынды (95,6 %) газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деп қорытындылады әкім.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика