Адами капитал

Жамбылдық балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылмақ

Биыл жазғы лагерьлерде 196 566 оқушы демалып, жаңа оқу жылының алдында күш жинай алады, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Жамбыл19 Мамыр , 19:12

Биыл жазғы лагерьлерде 196 566 оқушы демалып, жаңа оқу жылының алдында күш жинай алады. Олардың ішінде 60 451 бала – жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиелеудегі және мүмкіндігі шектеулі балалар.

Өңірде Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Рысқұлов және Сарысу аудандарының әдемі жерлерінде орналасқан 6 мемлекеттік және 4 мемлекеттік емес сауықтыру лагері бар.

Сондай-ақ, балалар үшін мектеп жанындағы және палаталық лагерьлер, республикалық сауықтыру орталықтары, аула клубтары да жұмыс істейтін болады. Саяхаттар, туристік серуендер, спорт жиындары, үйірмелер мен еңбек отрядтары ұйымдастырылады.

Әрбір мектепте әр түрлі интеллектуалдық іс-шаралар жоспарлары әзірленген. Білім бөлімдері қызметкерлері мен қала сыртындағы лагерьлердің басшыларының қатысуымен аға тәлімгерлер үшін оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, биыл балаларды сауықтыруға жергілікті бюджеттен 315 млн 208 мың теңге бөлінген. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне бару үшін аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 5691 бала және 71 дарынды оқушы үшін қаражат бөлу көзделген. 

Бұдан бөлек, жазғы уақытта жоғары оқу орындарының 3 және 4 курс студенттерін волонтерлер ретінде тарту жоспарланып отыр. 




Яндекс.Метрика