Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысты (ШОЛУ)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңдегі (Қытай Халық Республикасы) «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты.
Әлемде15 Мамыр , 09:08

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, сенбі, 13 мамырда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңге «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін келді.

Сонымен, келесі күні 14 мамырда Қазақстан Президенті форумның ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ оған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары және делегациялары келді.   

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

Айта кетерлік жайт, форумның басты мақсаты ‑ ынтымақтастықты жандандыру бағыттарын талқылау, өзара іс-қимыл платформаларын қалыптастыру және ынтымақтастық нәтижелері бойынша тәжірибе алмасу. Іс-шарада инфрақұрылымдық байланыс, сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік инвестициялар, энергетика мен ресурстар, қаржылық қолдау, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелерді талқылады. 

Қытай Халық Республикасына сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесті.

Сонымен, Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді форумның табысты ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті В.Путинмен және Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын талқылады. Р.Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Беларусь Президенті А.Лукашенкомен және Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы К.Швабпен жүздесті.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады.

Сондай-ақ, Испания Премьер-Министрі М.Рахой Қазақстан Президентімен әңгімелесу кезінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын растады.

Мемлекет басшысы форум алаңында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы және оны дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

«Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өндіріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ, тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті. 

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды.   

Сонымен қатар, тараптар мемлекеттер арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту мәселелерін, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілерін, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайын талқылады. 

Қазақстан Президенті кездесу соңында Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды.

Бұдан басқа, Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасына «Бір белдеу, бір жол» форумына шақырғаны үшін алғыс айтып, іс-шараның жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Форум бүкіл дүние жүзі бойынша биылғы ең басты оқиғаның біріне айналды деп ойлаймын. Бүгінгі форумның ашылуында сөйлеген сөзіңіз мазмұнды болды, ол елдер арасындағы ынтымақтастықтың көп сауалына жауап берді. «Бір белдеу, бір жол» – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті.

«Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары деңгейде нығая түсетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады.

Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.  

Қытай Халық Республикасының Төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті.

Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты.

Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін  талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше көңіл аударылды. 

Фото: akorda.kz




Яндекс.Метрика