Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

«Бәйтерек» холдингі екінші деңгейдегі банктерге 800 млн доллар несие бөледі

«Бәйтерек» холдингі ҚР Индустриялды-инновациялық дамуды мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге 800 млн доллар несие бөледі, деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.
Астана қаласы23 Желтоксан , 12:06

««Бәйтерек» холдингі тарапынан ҚР Индустриялды-инновациялық дамуды мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге кезең-кезеңімен 800 млн доллар несие бөлу қарастырылуда. Бірінші кезеңде 45 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражат екінші деңгейлі банктер тарапынан жеке кәсіпкерліктерге 5 жылға дейін 11,5 пайыздық өсіммен берілмек (қазіргі таңда банктердің беріп жатқан несиелері 13 пайыз екені белгілі). Ал кәсіпкерліктер тарапынан алынатын несие көлемі 1-4,5 млрд теңге аралығында», - делінген хабарламада.

Бағдарламаның несие берушілері - «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ. Бағдарламаға мониторинг жасайтын агент «Даму» қоры болмақ. Бағдарлама ҚДБ директорлар кеңесі тарапынан бекітіліп, Қазақстан Республикасы экономикасын жаңғырту бойынша мемлекеттік комиссия тарапынан мақұлданды.

«Бағдарлама бірден бірнеше мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік ұзақ мерзімді несиеге қол жеткізсе, банктер де пайда тауып, мемлекеттің де экономикасы көтеріледі», - дейді «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бішімбаев. 

Оның айтуынша, осылайша Мемлекет басшысы сынаған Қазақстанны Даму Банкінің қағазбастылық процедурасы мәселесі де шешіледі.

«Енді ҚДБ кәсіпкерліктерді күттіріп қоятын және қаражаттың босқа жұмсалатын жобаларды сараптау мен зерттеуге кететін уақыттың орнына өзінің қорының бір бөлігін екінші деңгейлі банктерге беріп, жауапкершіліктерді де солардың мойнына жүктемек. Бұл өз кезегінде банктің 30 млн доллардан асатын ірі инвестициялық жұмыстарымен айналысуына жағдай жасайды. Ал «Даму» қоры болса қаражаттың орынды берілуін қадағалап отыратын болады. Бұл дамудың синергиялық институтының жарқын дәлелі», - деді Бишімбаев.

Айта кету керек, екінші деңгейлі банктердегі қаржы ресурсы инновациялық жобалар мен экспорттық бағыттағы кәсіптерге берілмек. Екінші деңгейлі банктер барлық жауапкершілік пен тәуекелді өз мойындарына алатын болады.




Яндекс.Метрика