Басқару

Н.Назарбаев Мун Чже Инді Корея Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инге Корея Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы10 Мамыр , 18:21

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инді кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал достас корей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

«Сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен өмірлік тәжірибеңіз Оңтүстік Кореяның одан әрі өркендеуі мен дамуына, сондай-ақ елдің әлемдік аренадағы рөлін арттыра түсуге мүмкіндік береді деп сенемін. Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толғанын атап өтеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Астана мен Сеул ынтымақтастығының аясы жан-жақты кеңейіп келеді. Екіжақты қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да стратегиялық серіктестік рухында дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инді Қазақстанға келіп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға шақырды.




Яндекс.Метрика