Парламент

ҚР ОСК-де Сенат депутаттарының сайлауына дайындық жайында айтып берді

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында отырыс өтті, оның аясында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелері Комиссияның алдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық жұмысы туралы айтып берді.
Астана қаласы28 Сәуір , 16:24

2017 жылғы 28 сәуірде «2017 жылғы 28 маусымға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланды.

ОСК Төрағасы Б. Имашев өз сөзінде ағымдағы жылдың 31 тамызында 2011 жылғы 19 тамызда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімінің аяқталатынын атап өтті. Осылайша, 28 маусымда республиканың 16 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайланбақ.

Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді.

Осылайша, өз кезегінде азаматтардың тікелей сайлау кезінде сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды және олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.

ОСК түсіндіріп өткендей, Қазақстан Республикасында облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты бар, Сенат депутаттарын сайлау олардың таңдауына байланысты болады.

Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.

«Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар. Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдар санын жинау арқылы куәландырылады. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау балама негізде өтеді», - деп анықтады комиссияда.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін, кандидаттарды тіркеу 7 маусымға дейін созылады, ал сайлау алдындағы үгіттеу 8 маусымда басталып, 26 маусым күні сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі.

Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидатқа сайлау алдындағы үгіттеуді жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп халықаралық бақылау институтын ашады.




Яндекс.Метрика