Инфрақұрылымның дамуы

Алматының қала құрылысы кеңесі бірқатар жобаларды бекітті

Алматының қала құрылысы кеңесінде мамандандырылған жеке мектеп пен көппәтерлі төрт тұрғын үй кешенінің құрылысын салу жобалары мақұлданды, олар екі мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы28 Сәуір , 17:21

Жеке қаражат есебінен мектеп жанынан қосалқы нысан және төрт балабақша салынады, оның екеуі коммуналдық меншікке беріледі. Құрылысты жүргізушілер бір жарым мың орынға арналған көлік тұрағын салуға, қаланың екі мың гектардан астам аумағын көгалдандыруға міндеттенеді.

Мысалы, Бостандық ауданында 528 орынды арнайы жеке физика-математика мектебі салынады, мұнда бастауыш және жоғары сыныптар корпустары, акт және спорт залдары, серуендейтін, ойын және спорт алаңдары болады. Мектеп аз қамтылған отбасы балаларын тегін оқыту үшін жыл сайын 20 гранттан бөледі. Алмалы ауданында салынатын әрі қызмет көрсету нысандары болатын көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасы да қолдау тапты. Бұл жобада іргелес аумақты абаттандыру мен әлеуметтік инфрақұрылым салу көзделеді.

Жиын барысында Медеу ауданының Бекхожин, Бегалин және Қастеев көшелерінің қиылысына салынатын балабақшалар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үйдің тұжырымдамалық жобасы бекітілді. Құрылысты жүргізуші өз қаражаты есебінен қаланың бір мектебінің жанына қосалқы нысан салып, Бекхожин мен Қаратаев көшелерін қайта жасайтын болады. Бостандық ауданындағы Гагарин, Левитан, Радостовец, Дунаевск көшелері маңында бой көтеретін, балабақшасы мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй салу жобасы да қолдау тапты. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі кейін коммуналдық меншікке беріледі. 




Яндекс.Метрика