Инвестициялар

Т.Сүлейменов инвесторларды жекешелендіруге қатысуға шақырды

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Алматыдағы Инвестор күніне қатысып, онда Қазақстан экономикасының жағдайы, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар және жекешелендіру бағдарламасы туралы баяндады, деп ведомстводан хабарлады.
Алматы қаласы28 Сәуір , 16:51

«2017 жыл біздің күтуіміз бойынша экономика салаларындағы өсу қарқынының орташа қалпына келу жылы болады, оған сыртқы жағдайлардың тұрақтануы да, тұтынушылық белсенділіктің жандануы да ықпал етеді», - деді министр.

Оның айтуынша, 2017 жылғы қорытынды бойынша экономика өсімі 2,5% деңгейінде болуы мүмкін, ИИДМБ жобаларын енгізу мен «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жалғастырылуы есебінен өндіріс саласы мен өңдеу өнеркәсібінің дәстүрлі салалары мұндағы өсімнің негізгі көздері болмақ.

Министр жақын арада Қытайдан Еуропаға ең қысқа бағыт болып табылатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автокөлік дәлізі құрылысы жөніндегі ауқымды жоба аяқталатынын атап өтті. «Біз 2020 жылға қарай Қытай мен Еуропа елдерінің арасындағы тауар айналымының 8%-ы осы көліктік дәліз арқылы өтеді деп есептейміз. Ал бұл 50 млрд. долларға жуық», - деді Сүлейменов.

Ол 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Астана» (АХҚО) халықаралық қаржы орталығын құру туралы Заң қабылдағанын инвесторларға хабарлады, ол 2017 жылғы қыркүйектен бастап жұмыс істей бастайды. «АХҚО қатысушылары үшін жаңа инвестициялар тарту мақсатымен ең жақсы әлемдік тәжірибе есебінен теңдессіз жағдайлар жасалып отыр. Оның алаңында инвесторлардың құқын қорғау үшін халықаралық төрелік орталығы, сондай-ақ, британдық құқық нормаларына негізделген сот ашылатын болады», - деді министр.

Сүлейменов сондай-ақ, Қазақстанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі қабылданып жатқан шаралардың арқасында жағымды динамиканың байқалып отырғанын атап көрсетті. «Қазақстанда салыстырмалы салық жүктемесі басқа мемлекеттермен салыстырғанда ең төменгінің бірі болып табылатынын атап айту қажет», - деді ол.

 «Үкіметтің ұзақмерзімді міндеттерінің бірі мемлекеттік меншік үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін – 2021 жылға қарай ІЖӨ 15%-на дейін азайту болып табылады», - деді Сүлейменов, мемлекет 878 кәсіпорынды сататынын айта келіп.

 «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауда Үкіметке 2018 жылдың соңына дейін Кешенді жоспарға (780 ұйым) кірген ұйымдарды жекешелендіруді аяқтау тапсырылды. Осыған байланысты, Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар және ұйымдармен, сондай-ақ, ұлттық басқару холдингтерімен бірлесіп жекешелендіру үдерісін жандандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мәселен, 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, әрбір нысанды сату бойынша Кестелер қайта бекітілді және Жол картасы әзірленді», - деді Сүлейменов.  

6 ірі активтер: «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомпром» ҰАК АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны 2019-2020 жылдарда IPO/SPO-ға шығару жоспарлануда. «Аталған компанияларды шығарудың басым алаңы ретінде Астанадағы (AFS) Халықаралық қаржы орталығы қарастырылуда. Аталған мерзімдегі сатудың басталуы әзірлік жұмыстарының, оңтайландыру мен компанияларды өзгерту жөніндегі шараларды жүргізудің қажеттілігімен байланысты», - деді Сүлейменов.  

Ол сондай-ақ, жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін, мүдделер қайшылығы мен ірі активтерді сатудағы үйлестік үдерісін  қамтамасыз ету мақсатында Жобалық офис құру қарастырылып отырғанын атап айтты, ол ұсыныстар әзірлеу, шарттар, әдістер, акциялар пакетінің көлемін (қатысу үлесі), нысандарды сату мерзімі мен қайта сату дайындығы бойынша ұсыныстарды қарастырумен айналысады.

«Қазақстанда табысты жекешелендіру үшін барлық жағдайлар жасалды және инвесторларға осы үдерістерге белсенді түрде қатысуды ұсынамыз», - деді Сүлейменов.




Яндекс.Метрика