ҚР Президентінің Жолдауы

Алматы облысында нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 9 млрд теңге бөлінді

Алматы облысында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9 млрд теңгеден астам өаржы бөлінді. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Алматы облысына жұмыс сапары аясында белгілі болды.
Алматы28 Сәуір , 15:48

ҚР ЕХӘҚМ басшысы, өз сөзінің басында, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде еңбек нарығында сұранысқа кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді игеру арқылы еңбек ресурстарының сапасы мен әлеуетін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, еңбек делдалдығының тиімді үлгісін құру көзделетін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды. Бағдарлама мақсаты жаппай оқыту негізінде қазақстандықтардың нақты кәсіптік дағдысын дамыту болып саналады.   

«Өзін жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар бағдарламаның нысаналы тобы болып есептеледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 210 мың өзін жұмыспен қамтыған және 445 мың жұмыссыз жан бар, оның ішінде 40%-ға жуығының біліктілігі жоқ. Алматы облысы бойынша өзін жұмыспен қамтығандар саны 280 мыңнан жоғары болса, жұмыссыздар саны 49,4 мың адамды құрайды», - деп келтірді Тамара Дүйсенова.

Барлығы, биыл, негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, жаңа заңды тұлғалардың құрылуы, еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы нәтижесінде жұмыс орындарының босауы аясында (зейнетке шығу, ана болуға байланысты демалыс және өзге де) 634 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, оның 74,2 мыңы Алматы облысының үлесіне тимек.

Бірінші бағыт тұрғысында, қысқа мерзімді курстар арқылы  кәсіпкерлік негіздеріне және компьютерлік сауатқа үйретуді қосқанда, жаппай қамти отырып, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге (мамандықтарға) оқыту мақсат етілген.

 «Мұнда 15-24 жас аралығындағы жастарға бірінші жұмысшы мамандық алуды қарастыратын, оқу мерзімі 2,5 жылға болжанған техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары базасында тегін кәсіптік-техникалық оқыту көзделген. Осы орайда биыл 21 мың жас қазақстандықты техникалық және кәсіби оқумен қамту жоспарланса, Алматы облысына 1,5 мың адам келеді. Аталған мақсатқа 308,4 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары ауқымында жұмысшы кадрларды нарықта сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларға үйретуге арналған кәсіби оқытудың қысқа мерзімді курстары басталды (1-ден 6 айға дейінгі мерзімде).

Бүгінгі таңда, өңірлерде 91 жобаны жүзеге асыру басталып, бұл жерде 16 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Алматы облысында 6,8 мың адамның өрісін ұзарту көзделсе, қазірде 2 мың адам оқуға кірісті. Бұл бағытқа 956,7 млн теңге бөлінді», - деп жеткізді министр.

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында, қысқа мерзімді кәсіби оқыту, мобильді оқу орталықтары арқылы сыналып көрмек.

Тамара Дүйсенова жаңа бағдарлама бойынша шағын несиелеуде ауылдық жерлерден бөлек, қалаларға да көңіл бөлінетінін атап өтті. Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілмек. Несие сомасы 8 млн теңгеге дейін және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

«Ағымдағы жылы Алматы облысында 500 шағын несие беру мақсат тұтылса, оның ішінде қалаларға 140, ауылдарға 360 шағын несие табысталады. Өңірде шағын несиелеуге 3,7 млрд теңге қарастырылған.  Кәсіпкерлік негіздеріне 1 мың 312 адам оқытылады. Бұл жерде 90,6 млн теңге көзделіп отыр», - деп нақтылады Тамара Дүйсенова.

Несиеге қолжетімділікті арттыру мақсатында, жеке тұлғаларға қарыз алуға қажет құжаттар саны 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін қысқарған. 9 облыста бағдарлама қатысушыларын кәсіпкерлік қыр-сырына қанықтыруға байланысты «Бизнес-бастау» жобасы бастау алған. Бүгінде жобамен 2 мыңнан астам адам қамтылған.

Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын еңбекпен қамтуда атаулы әлеуметтік қолдау күшейтіліп, еңбек ресурстарының ұтқырлығы көтеріледі және еңбек нарығының инфрақұрылымы дамымақ.

«Жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие құралдарды қолдану жалғасын табады. Үстіміздегі жылы Алматы облысында әлеуметтік жұмыс орындарына 915 адам (183,2 млн теңге қарастырылған) орналастырылып, жастар тәжірибесіне 1 мың 55 түлек (360,1 млн теңге қарастырылған) жіберіледі», - деді министр. 

Жұмыс іздеу мен персоналды іріктеуге жәрдемдесуде  Бірыңғай ақпараттық еңбек биржасын құру жоспарланып, жұмыс іздеушілерге көмек көрсету мақсатында, оған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері, жекеменшік агенттіктердің деректер қоры және де барлық жұмыспен қамту орталықтары қосылмақ.

Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыруда, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Анығырақ тоқталсақ, оларға, жол мен жүк тасу шығындарын өтеуге арналған және бастапқы бейімдеу қаражаты берілмек. Биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу жоспарлануда.

«Жергілікті деңгейде бағдарламаны іске асыруда әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Осылайша, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері жергілікті жерлерде бағыттар бойынша және шараларды іске асыруда жәрдем көрсетеді, өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп аудандар мен елдімекендердің мамандану картасын анықтайды, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты үйлестіреді, жұмыссыздардың еңбекпен қамтылуына жәрдемдеседі және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Ауылдардың, кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың және қалалардың құрамындағы аудандардың әкімдері шаралардың жергілікті жерде іске асуын тікелей қамтамасыз етеді, яғни ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген адамдарға кеңес береді, оқушылар тізімін қалыптастыру кезінде мобильдік топтардың құрамында болады, оқуға қабылданғандарды хабардар етеді, сонымен қатар бағдарламаға қатысатындарға мониторинг жүргізеді», - деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның ішінде 9,1 млрд теңге Алматы облысына бөлінген.




Яндекс.Метрика