Ұлт жоспары 100 нақты қадам

«Тараз-КРО» кеден бекетінде тауарларды кедендік тексеру уақыты қысқарады

«Тараз-КРО» кеден бекетінде тауарларды кедендік тексеру уақыты кезең-кезеңмен қысқарады, деп хабарлады мемлекеттік кірістер департаменті.
Жамбыл28 Сәуір , 20:43

«Тараз-КРО» кеден бекетінде экспорттаушылар мен импорттаушылардың кедендік рәсімдерден өтуі кезінде «бір терезе» принципі қолданылады. Осы ретте, 2017 жылғы 1-тоқсан ішінде Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің сыртқы сауда айналымы 288 млн 445 мың АҚШ долларын құраған.

Оның ішінде экспорт - 224 млн 332 мың АҚШ доллары, бұл жалпы тауар айналымы көлемінің 77,8%-ын құрайды, жалпы салмағы 298 млн 490 мың тонна.

Импорт - 64 млн 113 мың АҚШ доллары, бұл жалпы тауар айналымы көлемінің 22,2%-ын құрайды, жалпы салмағы 46 млн 071 мың тонна.

«100 қадам» Ұлт жоспарының 38-қадамын іске асыру аясында импортты кедендік ресімдеу үшін – 4 құжат, экспортқа 3 құжат қана ұсынылады. Импортты ресімдеу кезінде 8 құжат түрін және экспортты ресімдеу кезінде 7 құжат түрін міндетті ұсыну жөніндегі талаптар алынып тасталды.

Департаментте экспорт бойынша негізгі сауда әріптестері Қытай, АҚШ, Канада, Германия, Чехия Республикасы, Польша, Өзбекстан, Франция болып табылатыны түсіндірілді.

Тауарларды кедендік тексеру бойынша операцияларды жүзеге асыруға жұмсалатын уақытты кезең-кезеңмен қысқарту жүргізіліп жатыр, Қаржы министрлігінің 2017 жылға арналған Стратегиялық жоспарында белгіленген нысаналы көрсеткіш 5 сағаттан артық емес. 2017 жылғы 1-тоқсан қорытындылары бойынша экспорт кезінде тауарларды кедендік тексерудің орташа ұзақтығы – 30 минут.

Еске сала кетейік, салық және кедендік саясаттар мен рәсімдерді оңтайландыру – экономиканы реформалаудың маңызды құрамдауыштарының бірі. Мемлекет басшысы ұсынған «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 қадамда» осы мәселеге ерекше көңіл бөлінген. 

Елбасы атап өткен маңызды қадамдардың бірі – экспорттаушылар мен импорттаушылардың кедендік рәсімдерден өтуі кезінде «бір терезе» принципін енгізу. Бұл ақпараттық процестердің интеграциясы есебінен құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқартуды және электрондық декларациялау жүйесін дамытуды білдіреді. 




Яндекс.Метрика