Халықаралық интеграция

Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі IRENA директорымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Абу-Дабиде Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша екі күндік өңірлік семинар өз жұмысын бастады, оған Қазақстанның Энергетика министрлігінің, «KEGOC» АҚ өкілдері, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қызметкерлері қатысты.
Астана қаласы27 Сәуір , 17:48

ҚР СІМ ақпараттандырғандай, семинар аясында Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Қайрат Лама Шарифтың Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) бас директоры Аднан Аминмен кездесуі өтті, кездесуде Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың атынан шақыру хат табыс етілді.

К. Лама Шариф IRENA-ның халықаралық алаңдарда болашақтың энергиясы идеясын ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті. Ол IRENA ЭКСПО-2017 көрмесін қолдап, басқа бірлестіктер үшін өзара іс-қимыл жасау мен ынтымақтастықтың тамаша үлгісін көрсеткен халықаралық ұйымдардың біріне айналғанына назар аударды. Әңгіме барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы қаңтарда «Болашақтың энергиясы» Х дүниежүзілік саммитіне қатысуы аясында IRENA бас директорымен кездесуі негізгі оқиғаға айналды. 

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның IRENA-мен өзара іс-қимылының жай-күйі мен перспективаларын, соның ішінде оның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуын, ұйым павильонының күрделі жобалармен және озық әзірлемелермен толтырылуын талқылады. Жаңартылатын энергетиканы дамыту желісі бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудегі өзара қызығушылық жайында атап өтілді.

IRENA басшысы ұйымның Тұрақты даму үшін энергетика мәселелері жөніндегі 8-ші халықаралық форумның және «Тұрақты энергетика сын-тегеуріндерін шешу» министрлік конференциясының жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қызметкерлері «ЭКСПО-2017» туристік өнімдер портфолиосымен таныстырып, өз тарапынан көрменің әр түрлі мәдени іс-шараларын ұйымдастыруға қатысуға белсенді жәрдемдесуді ұсынды.  

Әңгіме соңында Қазақстан елшісі Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігінің қатысуымен әзірленген және ЭКСПО-2017 көрмесінде таратуға арналған IRENA-ның «Жаңартылатын энергия көздерінің басымдықтары: экономикалық күш-қуат» кітабының орыс тіліне аудармасымен таныстырып өтті.  




Яндекс.Метрика