Евразиялық одақ

Қазақстанда тәуелсіз формулярлық комиссия құру туралы мәселе шешілуде

Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДТБ) мемлекет үшін өзінің шектеулі бюджетін реттеп, тиімді ем немесе дәрі-дәрмек үшін ақы төлей алуы тиіс. Бұл туралы «Еуразиялық экономикалық одақта денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту» ғылыми-практикалық конференциясы барысында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпханова айтып берді.
Астана қаласы 27 Сәуір, 13:17

Конференция ЕАЭО елдеріндегі инновациялық және қымбат бағалы медициналық технологияларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау технологияларын бағалау жүйесін дамытуға арналған.     

«Мемлекеттік бюджетті реттеп, тиімді ем үшін ғана ақы төлеу қажет. Бір адамға 40 мың долларға жүрек ауыстыру ма әлде 40 мың баланы пневмониядан дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ме. Мемлекет алдында әрдайым дилемма тұрады, барлығына бірдей төлеу мүмкін емес. Шығыстар жыл сайын өсіп келеді, жаңа технологиялар пайда болып жатыр, ал бюджет шектеулі. Денсаулық сақтау технологияларын бағалауды жүргізе отыра, қандай емнің тиімді екенін шешіп, осы тиімді ем үшін ақы төлеу керек. Осы процесс денсаулық сақтау технологияларын бағалау деп аталады», - деп түсіндірді Айнұр Айыпханова. 

Спикер атап өткендей, бұл мәселе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатысты, сондықтан, мемлекет емдеудің тиімсіз және жұмыс істейтін әдістерін айыра білуі тиіс.

«ЕАЭО елдерінің қатысушылары оларда технологияларды бағалау мәселелері бойынша не жасалғаны жайында айтып берді. Біз процесті жеңілдетіп, жаңа технологияларды қандай да бір кедергілерсіз енгізу үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тіркеудің бірыңғай жүйесін құруымыз керек», - деп түсіндірді ол.

Дүниежүзілік банктің қолдауымен Республикалық денсаулық сақтау орталығында соңғы бес жыл ішінде денсаулық сақтау технологияларын бағалау бөлімі ашылғанын атап өту қажет. 

«Өкінішке орай, тегін дәрі-дәрмектер тізбесіне тиімді дәрі-дәрмектердің барлығы бірдей енбеген. Тіпті енгеннің өзінде де, оларды жеткізуге қатысты проблемалар туындап отырады. Себебі көп адамдар жауапты болатын жұмысты үйлестіру қиынға соғады. Бізде Қазақстанда қандай дәрілердің клиникалық дәлелденген және тиімді болып табылатынын шешетін формулярлық комиссия бар. Формулярлық комиссия оны ұсынады, бірақ бізге нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жасау керек», - деді спикер.

Оның айтуынша, барлық елдерде формулярлық комиссия барлығын өзі шешеді, алайда, біздің елімізде ол үшін министрліктің бұйрығы қажет. Бір сөзбен айтқанда, қағазбастылық келісу процестерін тежейді.

«Сондықтан, бізге қазір халықаралық практиканы енгізу қажет. Еліміздің формулярлық тізімі министрдің бұйрығымен бекітілмеуі тиіс. Ешбір елде министр мұндай мәселелерді өз бұйрығымен бекітпейді. Бұл тәуелсіз жеке формулярлық комиссия болуы тиіс», - деп атап өтті А. Айыпханова.

Халықаралық бірлестіктердің қызметі ең озық халықаралық тәжірибені көрсететін стандартталған әдістемелік ұсынымдар мен нұсқауларды әзірлеу, енгізу және жетілдіру арқылы денсаулық сақтау технологияларын бағалаудың ашықтығын, тиімділігі мен практикалық маңыздылығын арттыруға бағытталған.

Денсаулық сақтау саясатына әсер ету тұрғысында ДТБ саласындағы ең тиімді халықаралық бірлестіктердің бірі 2016 жылы құрылған, денсаулық сақтау технологияларын бағалаудың еуропалық желісі EUnetHTA болып табылатынын атап өткен жөн.    

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика