Парламент

Сенат дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру бойынша заңды қабылдады

ҚР Парламенті Сенаты ҚР-ның «Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру мәселесі бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Заңжобасы дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, ашықтығы мен әділдігін арттыру мақсатында жасақталды. Бұл туралы ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Парламенті Сенатында хабарлады.
Астана қаласы27 Сәуір , 11:38

«Заңның жобасы 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасына және ҚР Үкіметінің 2016 жылға арналған заңжобалары жұмысы жоспарына сәйкес жасақталды. Заңжобасында дене шынықтыру  мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, ашықтығы мен әділділігін арттырудың шынайы жолдары көрсетілген.

Бюджет қаржысының спорт түрлеріне теңдей үйлестірілуі үшін спорт түрлерін саралау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару, қоғамдық бірлестіктер мен Ұлттық Олимпиада комитеті арасындағы қызметтер шектелді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдар жаппай спортты дамытумен айналысады, ал орталық уәкілетті органдар стратегиялық міндеттерді жүзеге асырады, яғни дене шынықтыру мен спорт мәселелерін үйлестіреді, бюджет қаржысының игерілуін бақылайды», - деді А.Мұхамедиұлы.

Ол атап өткендей, дене шынықтыру мен спорт саласындағы жергілікті уәкілетті органдар бұдан былай басымдыққа ие спорт түрлерінің тізімін, ережелерін, жүлде қорын өздері жасақтап, республикалық деңгейде бекітілуіне жауап беретін болады.

«Жергілікті атқарушы органдар жаппай және ұлттық спорт түрлерінің дамуына ғана емес, мүгедектер арасында да спорттың дамуына жауапты болатын болды», - деді А.Мұхамедиұлы.

 Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика