Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Ирландия қосарланған салықты болдырмау туралы конвенцияға қол қойды

ҚР Қаржы министрлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ирландия Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға қол қойылды.
Астана қаласы 27 Сәуір, 09:06

Келісімге Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ирландия тарапынан Ирландияның Қазақстанда Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Эдриан Макдейд қол қойды.

Тараптар сауда-экономикалық салада өзара тиімді әрекеттесуге нақты мүмкіндіктердің бар екенін және аталған Конвенцияға қол қою іскерлік серіктестікке елеулі серпін беретінін атап өтті.

Сапар аясында Елші Э.Макдейд сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесу өткізді. Сұхбаттасушылар ағымдағы жыл Қазақстан-ирландиялық байланыстарының мерейлі жылы болып табылатынын тілге тиек етті. Үстіміздегі жылғы сәуірде екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай, екі ел сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Чарльз Фланаган құттықтау хаттармен алмасты.

Өз хатында Ч.Фланаган Ирландия Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде тұрақты қолдап отыратынын құптап, Дублин Қазақстанның ядролық қарусыздандыру мен таратпау, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша іс-әрекеттерін қуаттайтынын жеткізді.

«Мұндай әрекеттер Ирландияның БҰҰ-дағы басымдылықтарымен үндеседі», - дегенді атап өтті Ч.Фланаган.

Сұхбаттасушылар 2017 жылы екі ел өзара тиімді және жемісті даму бағдарын жетілдіруді жалғастыратынына сенім артты.

Р.Василенко ирландық Елшіні маңызды келісімге қол қоюмен және дипломатиялық қарым-қатынастардың мерейтойымен құттықтай келе, Астана Ирландиямен достық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.





Яндекс.Метрика