Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Елбасы: Елдегі бейбітшілік пен келісім – тұрақты дамудың кепілі

Елдегі бейбітшілік пен келісім – тұрақты дамудың кепілі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ның XXV сессиясында айтты.
Астана қаласы26 Сәуір , 15:53

«Құрметті отандастар,  сіздерді құттықтаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясы ерекше уақытта өтуде. Біз мемлекеттіліктің үшінші онжылдығына аяқ бастық,  аталмыш сессияны күрделі кезеңде өткізіп жатырмыз.  Әлемде орын алған жағдай  бейбітшілік пен келісімнің  тұрақты   дамудың кепілі екенін көрсетеді. Күрделі кезеңде  құрылған  Ассамблея  көз алдымызда өзінің киелі миссиясын атқарып  жатыр», - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, Ассамблея  тарихы тұрақтылық пен достықтың, келісімнің  шежіресі.

«Ассамблея – бірліктің киелі бесігі, бірегей модель, бір мақсатқа тоғысқан Қазақстан халқы.  Біздің басты мақсатымыз  2050 жылға қарай  30 дамыған елдің қатарына қосылу.  Халықтың өмір сүру  деңгейін аталмыш дәрежеге көтеру. Сондықтан, әлемде қандай да бір жағдай болмасын, біз тек алға ұмтылуымыз керек», - деді Елбасы.

Президент өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында рухани жаңғыру мәселесі қозғалғандығын атап өтті.

«Біз басымыздан қаншама дағдарысты өткергенімізді өздеріңіз де білесіздер. Биыл біздің ел  экономикалық, саяси, рухани жаңғырудың кешендік шараларына көшті. Оның әрбіреуі біз үшін маңызды.  Қазақстанның үшінші жаңғыруы  экономикалық гүлденудің бастамасы.  Мен бұл туралы Жолдауда да айтқан болатынмын. Мемлекеттің  басқару жүйесін  жетілдіретін  конституциялық реформа саяси жаңғырудың негізі. Ал, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласының негізіндегі жобалар   рухани  жаңарудың көзі. Экономикалық бағдарламаларды біз әзірледік.  Конституциялық реформаларды  биліктің барлық тарапына  кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Рухани жаңғырусыз біз оларды қамтамасыз ете алмаймыз.  Ассамблея халық бірлігінің рухани тұтастығы ретінде аталмыш тарихи құбылыстардан  жоғары тұруы керек. Мен бұған сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік,  Астанада  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтуде. «Жаңғырудың негiзi - тұрақтылық, бiрлiк, келiсiм» тақырыбындағы сессияға елiмiздiң түрлi аймақтарынан 1500-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында Ассамблеяның барлық өңірлерден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ-ның басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.

Ақбота Кузекбай




Яндекс.Метрика