Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Жыл басынан бері Қазақстанда 135 мемлекеттік қызметші әдеп мәселелері бойынша консультация алған

Жыл басынан бері әдеп жөніндегі уәкілдерге Қазақстанның 135 мемлекеттік қызметшісі өтініш білдірген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Қуаныш Жапақов хабарлады.
Казахстан26 Сәуір , 17:56

Спикер Елбасының тапсырмасымен енгізілген әдеп жөніндегі уәкілдер институты мемлекеттік қызметтегі әдеп құқық бұзушылықтарының алдын алудағы уақтылы шара болып табылады.    

«Оларға әдеп құқық бұзушылықтарының алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын мониторингілеу және бақылау жүктелген», - деді Қ. Жапақов.

Сондай-ақ, ол биылғы жылдың бірінші тоқсанында әдеп жөніндегі уәкілдерге 135 мемлекеттік қызметші және азамат, соның ішінде орталық мемлекеттік органдарда – 15, жергілікті атқарушы органдарда 120 адам өтініш білдіріп, консультация алғанын қосты.

«Әдеп жөніндегі уәкілдерге негізінен Әдеп кодексі бойынша түсіндірулер алу, ұжымдастармен проблемалық жағдайларды реттеу, мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерінің шектеулер мен тыйым салуларға сәйкестігі мәселелері бойынша өтініш білдірілген. Азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау фактілері бар», - деп ақпараттандырды департамент директоры.

Сонымен қатар, брифинг барысында Қуаныш Жапақов агенттік әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымын енгізу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жарлығының жобасы Премьер-Министрдің Кеңсесіне қарауға енгізілді. Әдеп жөніндегі уәкілдің өз жұмысын дербес жүргізуі мемлекеттік органдардың ұжымдарымен мақсатты алдын алу жұмысын күшейтуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді спикер.

Еске сала кетейік, «100 қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамы жаңа әдеп қағидаларын енгізуге бағытталған және жаңа Әдеп кодексін әзірлеу мен әдеп мәселелері жөніндегі уәкіл лауазымын енгізуді көздейді.




Яндекс.Метрика