Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Т. Дүйсенова: Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі төмендеп келеді

Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету – Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі, деді ведомство басшысы Тамара Дүйсенова еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі KIOSH-2017 конференциясында.
Астана қаласы26 Сәуір , 12:57

«Ресми статистика деректері бойынша, 2016 жылы тексерілген кәсіпорындардың 1,7 млн қызметкерінің 368,8 мыңы немесе әрбір төртінші азамат зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Өткен жыл қорытындылары бойынша 670,3 мыңнан астам адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін қосымша демалыстар, қосымша төлемдер, қысқартылған жұмыс күні және т.б. түрінде өтемақы алған», - деп хабарлады министр.

Т. Дүйсенованың айтуынша, жұмыс берушілер осы мақсаттарға 99,7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған.

«Кәсіптік тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу қажет. Ол үшін кәсіптік тәуекелдерді басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесінің қазіргі жағдайын бағалау жүргізілетін болады», - деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, тәуекелдерді бағалау жүйесі және өндірістегі жазатайым оқиғаларды анықтау негізінде бақылау субъектісіне бара отырып алдын алу шараларын кеңейту арқылы мемлекеттік бақылау тиімділігін арттыру және еңбекті қорғау саласындағы функцияларды автоматтандыру жоспарлануда.

Еске сала кетейік, бүгін конференциямен бірге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасу және соңғы жетістіктерді көрсету үшін құрылған KIOSH-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі ұйымдастырылды.

Ақбота Күзекбай        




Яндекс.Метрика