Өңірлер

Ақтөбелік тауар өндірушілер «Теңізшевройл» компаниясымен ынтымақтастық жасауға мүдделі

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеге өңір басшысының шақыруымен келген «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тэд Этчисонмен кездесті.
Ақтөбе26 Сәуір , 08:46

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі  хабарлағандай,  кездесу ірі бірлестік пен ақтөбелік кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, ТШО кәсіпорнындағы жергілікті маңызы бар тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды дамыту мақсатында ұйымдастырылған болатын.

«Мемлекет басшысы отандық тауарөндірушілерді қолдауға, Қазақстан халқына жолдауында  көрсетілген өңіраралық кооперация мен қазақстандық мазмұнды дамытуға  баса назар аударады. 2016 жылы бірлестік қазақстандық жеткізушілердің  құны 1,9 млрд АҚШ доллары болатын тауарлары мен қызметтеріне ие болды.  Бүгінде Ақтөбе облысының 50-ден аса компаниялары  тауар, жұмыс, қызмет жеткізушілері ретінде ТШО жанынан тіркеліп, аккредиттелген.  ТШО-ның ақтөбелік жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін алу үшін кеткен шығынының жалпы сомасы 2017 жылдың бірінші тоқсанында 9,4 млн. АҚШ долларын құрады. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастықта үлкен тәжірибесі бар біздің кәсіпорындар үшін бұл жақсы мүмкіндік»,-деді облыс әкімі.

Кездесу барысында мейманға  ТШО-мен жұмыс жасауға дайын 50 мұнай сервистік компанияның қызметтеріне қатысты ақпарат  берілді.  Атап айтқанда, жергілікті кәсіпорындар «Теңізшевройлға»  сапалы құрылыс материалдарын, құбырлар, мұнай ұңғымалары үшін химиялық реагентер, болат құрылмалар, жоғары сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізіп, бұрғылау қызметтерін барлау және пайдаланудың кең таңдауын көрсете алады.

«Өткен жылы біздің бірлестік жаңа рекордқа қол жеткізіп, 27,56 млн тонна шикі мұнай өндірді. Кәсіпорнымызды дамытудың басым бағыттарының қатарында қызметкерлерді қауіпсіздік техникасымен қамтамасыз ету, олардың жұмыс істеуі мен демалысы үшін барлық жағдайды жасау бар. Бүгінде ТШО компаниясы Теңіз кен орнының қуаттылығын кеңейту  бойынша екі ірі жобаны жүзеге асыруда. Соның аясында көптеген жұмыс орындары құрылып, қазақстандық тауар мен қызметтердің айтарлықтай көлемі тартылды. Әрине, біз сіздердің кәсіпорындарыңызбен ынтымақтастық жасаудың барлық нұсқаларын қарастырамыз. Біздің негізгі шартымыз – қауіпсіздік техникасын сақтау, жұмыс, тауар мен қызметтердің  жоғары сапалылығы және бәсекеге қабілетті баға»,-деп атап өтті Тэд Этчисон.

Белгілі болғандай,   1979 жылы ашылған теңіз кен орнының аумағы 2500 шаршы метр, ол әлемдегі ірі мұнай кен орны  болып табылады. Қазіргі таңда кәсіпорында 3500 адам жұмыс жасайды. 2016 жылы шикі мұнай өндіру көлемі 27,56 млн тоннаны құрады. ТШО  2016 жылы қазақстандық қызметкерлерінің 4,7 млрд.  АҚШ доллары көлеміндегі еңбекақысын  қосқанда, соңғы 23 жылда  116 млрд. АҚШ доллары көлемінде салық төлеген.




Яндекс.Метрика