Парламент

Сенаторлар спортты қаржыландыруды жетілдіруді ұсынды

ҚР Сенаты «ҚР дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңжобасын қарастырды. Аталмыш заңжобасында алғаш рет дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы тәсілін жетілдіру ұсынылған. Бұл туралы ҚР Парламентінің Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков хабарлады.
Астана қаласы 25 Сәуір, 16:13

«Аталмыш заңжобасында алғаш рет дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы тәсілін жетілдіру ұсынылған», - деді сөз басында С. Мұсайбеков.

Ол атап өткендей, бұл жүйе Норвегия, Франция, Германия, Қытай мен Ресей сынды спорттық державалардың тәжірибесіне сүйене отырып Қазақстанда  кеңінен таралған спорт түрлерін саралауға негізделеді.

«Бұл қаржыландыру республикалық, я болмаса қалалық деңгейде болғанына қараматан спортты қаржыландырудың тиімді тәсілін анықтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті С. Мұсайбеков.

Сонымен қатар ол мәлімдегендей, заңжобасында алғаш рет мемлекеттік басқару, қоғамдық бірлестіктер мен Ұлттық Олимпиада комитеті арасындағы қызметті шектеу қарастырылған.

«Жергілікті атқарушы органдар жаппай спортты дамытумен айналысады, ал орталық уәкілетті органдар стратегиялық міндеттерді жүзеге асырады, яғни дене шынықтыру мен спорт мәселелерін үйлестіреді, бюджет қаржысының игерілуін бақылайды», - деді спикер.

Бұдан басқа, ол атап өткендей, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қаржыландыру әлем бойынша кеңінен тараған тәжірибе.

«Бүгінде Ұлттық олимпиада комитетінің, спорттық федерациялардың құқықтық статусын үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар ретінде нығайтуды ұсынып отырмыз», - деп ағынан жарылды С. Мұсайбеков.

Ол хабарлағандай, бюджет қаржысының спорт түрлеріне теңдей үйлестірілуі үшін заңжобасында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу  қарастырылған.

«Бюджетті анықтау барысында спорт түрлерін саралау жүйесіне иек артылатын болады. Демек, бюджетті анықтау барысында  басты көрсеткіш ретінде халықаралық жарыстардағы жетістіктер, дамыған дәстүрлі спорт түрлері, кадрлық әлеуеттің мүмкіндігі, материалдық-техникалық базаның болуы, ерекше спорт түрлеріне байланысты климаттық жағдай мүмкіндіктері басты назарға алынатын болады», - деп түйді вице-министр.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика