Үкімет

ДСҰ Қазақстанда бұқаралық денсаулық сақтау қызметінің құрылғанын қолдап отыр

Бұқаралық денсаулық сақтау шаралары халықтың барлығына бірдей әділ, әрі теңдей қолжетімді болу өлшеміне жауап береді, деп хабарлады Қазақстандағы ДСҰ сақтандыру кеңсесінің өкілі Татьяна Колпакова ҚР Үкіметінің отырысында.
Астана қаласы25 Сәуір , 12:04

«Бұқаралық денсаулық сақтау аймақтағы 2020 жылға дейінгі денсаулық саясатының негізгі шарты болып табылады және алғаш рет 2016-2019  жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына жеке бағыт ретінде енгізілді. Бүгінде денсаулық сақтау секторынан тыс қалған денсаулықты қорғау аспектілеріне назар аударатын кез келді. Жалпы мемлекеттік қатынас пен сектораралық ынтымақтастық аясында ғана денсаулықты сақтау және нығайту міндеттерін шешуге болады», - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Осы ретте, бұқаралық денсаулық сақтау тұжырымдамасын енгізу бойынша бірқатар кеңестер өткізілді.

«Министрліктің бұқаралық денсаулық сақтауды дамыту үлгісін ұсынып отырғаны қуантады. Онда біздің барлық бірлескен жұмыстарымыз көрініс тапқан. ДСҰ ҚР сарапшыларының бұқаралық денсаулық сақтау әлеуетін құру бойынша халықаралық кеңестерге қатысқанын қолдайды.  Және бұқаралық денсаулық сақтау ұлттық институтының құрылғанын барынша қолдаймыз», - деп мәлімдеді спикер.

Сонымен қатар ол,  ДСҰ еуропалық аймақтық бюросының директоры Жужанна Якобтың 20-22  маусымға бегіленген Қазақстанға сапары айтулы оқиға болатыны тілге тиек етті.

«Жужанна Якоб Алматы, Астана қалаларына сапармен баруды жоспарлап отыр.  Жоғары деңгейдегі кездесу барысында бұқаралық денсаулық сақтауды дамыту мәселелері талқыланатын болады. Жалпы, ДСҰ сіздерге бізге берілген уәкілеттік негізінде барынша қолдау көрсетуге дайын екенін тағы бір еске сала кеткім келеді», - деп түйді Т. Колпакова.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика