Білім беру

Астанада мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы төмендеді – әкімдік

Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, Астанада түрлі типтегі 262 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 48 154 бала оқиды. Соның ішінде, мемлекеттік балабақшалар саны – 95, оларда 27 193 бала білім алуда. Сонымен бірге, ведомствоға қарасты және жеке меншік балабақшалар, шағын орталықтар, мектеп алдындағы сыныптар бар.
Астана қаласы25 Сәуір , 11:14

Елордалық Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні Астанада 7 жасқа дейінгі 169 070 бала тіркелген. 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші - 47,5%, 3 - 6 жас аралығындағы балаларды қамту 70,6% құрайды, мектеп алдындағы дайындықпен қамту деңгейі - 99,6%.

Сондай-ақ, қалада мамандандырылған балабақшалар, 3 санаторийлік туберкулезге қарсы балабақша бар. Арнайы мақсаттағы «Алтын бесік» және «Асыл бөбек» балабақшаларында 290 бала білім алуда.

Мектепке дейінгі білім беру нысандарының құрылысына да ерекше назар аударылып отыр.

Білім басқармасы мамандарының пікірінше, бүгінгі күні елорданың мектепке дейінгі мекемелеріндегі орындардың тапшылығы жаңа балабақшаларды пайдалануға берудің арқасында төмендеп келеді. Мысалы, 2016 жылы 440 орындық 3 балабақша іске қосылып, 5 балабақшада 356,5 млн теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен бірге, елордада 116 жеке меншік балабақша бар, оның 74-і типтік ғимараттарда 42-сі бейімделген ғимараттарда орналасқан.

Бұл салада МЖӘ қарқынды дамуда. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 2016 жылы 44 жеке меншік балабақша ашылып, оларда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. МЖӘ жобаларын іске асыру бойынша өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша 6 балабақшаның құрылысы бойынша 3 жеке әріптес анықталды. Сондай-ақ, 8 балабақша бойынша жобаны жүзеге асыру үшін тұжырымдама әзірлеу жұмыстары жалғастырылады.

МЖӘ шеңберінде Астана қаласының әкімдігі мен ұлттық компаниялар, холдингтер арасындағы меморандумдарға сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдардың желісі ұлғайып отыр. 

 




Яндекс.Метрика