Парламент

Қазақстанда ағымдағы жылы 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріледі деп күтілуде

Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 млн шаршы метр немесе шамамен 25 мың пәтер пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы ҚР инвестициялар мен даму министрінің орынбасары Роман Скляр ҚР Парламенті Мәжілісіндегі отырысында хабарлады.
Астана қаласы24 Сәуір , 17:46

 «Бағдарламаның негізгі бағыты жеке тұрғын үй құрылысын жалғастыру болады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері беріледі. Бұл мақсатта шамамен  80 млрд теңге бөлу ұсынылды, оның 50 млрд теңгесі көпқабатты үйлердің инженерлік–коммуникациялық инфрақұрылымдарын тартуға бағытталса, 30 млрд теңгесі  жеке тұрғын үй құрылысына жұмсалатын болады», – деді Р. Скляр.

Оның айтуынша, аталған шаралар жыл сайын шамамен 40 мың жеке үйді – бұл шамамен 4 млн шаршы метрді пайдалануға беруге жағдай жасайды.

«Сонымен қатар баспана бағасының қолжетімділігін үй салу комбинаттарының технологиясын игеру арқылы қамтамасыз ету керек. Бұл технологияны пайдалану бір шаршы метрін 120 мың теңгеден асырмауға және құрылыс барысында қазақстандық қамту үлесін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс материалдарының өндірісі өседі», – деп атап өтті вице-министр.

Бағдарламада халықтың әлеуметтік осал тобына арнап сатып алу құқығысыз жалға беру баспаналарын салу қарастырылған. Ағымдағы жылдан бастап шамамен  3  мың пәтердің құрылысы үшін жыл сайын 25 млрд теңгеден бөлінетін болады.

Р. Скляр  салынып жатқан нысандардың сапасына тоқталды.

«Тұрғын үйлердің сапасына келетін болсақ, әрине тұтынушылардың сапаға көңілі толмай жатқан бірлі-жарым жағдайлар болады. Бұл жағдайда біз заңнама аясында сәулет-қала құрылысы қызметін қарастырамыз. Біз техникалық, авторлық бақылау мен тапсырыс берушінің жауапкершілігін күшейтіп отырмыз. Салушы мен техникалық бақылаушылар сапасыз жұмысқа қол қоятын болса қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылатын болады», – деп түсіндірді ол.

Өткен жылы еліміз бойынша 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1 млн 110 мың шаршы метрге артық.

«Рас, кей жағдайда сапасыз орындалған жұмыс құрылыс саласының беделіне кері әсерін тигізіп жатады, алайда бұл соншалықты қорқынышты емес.  Бұл мәселеге кешенді қарау керек. Жалпы еліміздегі құрылыс сапасының деңгейі айтарлықтай жоғары», – деді Р. Скляр.

Сонымен қатар ол мысал келтіріп кетті, Ақтөбе қаласында жақсы инженерлік инфрақұрылымы тартылған  1 шаршы метрі 155 мың теңгеден тұратын бесқабатты тұрғын үй салынды және сапасы да жаман емес.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Василий Олейник баспананың қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша өз ойын білдірген.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика