ҚР Президентінің Жолдауы

Қыркүйек айында Қазақстанда электрондық еңбек биржасы іске қосылады

Қыркүйек айында Қазақстанда электрондық еңбек биржасы іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Электрондық еңбек биржасын құру мен жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтығандарды есепке алудың жаңа құралдарын енгізу» тақырыбындағы брифинг барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
Астана қаласы21 Сәуір , 19:48

Ол өз сөзінің басында, елімізде, 1 наурыздан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды. Мұндағы басты межеленген міндеттер: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алу көкжиегін кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау және де жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау.

Бағдарламаны жүзеге асыру сәтінен бастап, оған қатысқан 80 мыңнан астам адамның 31 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 20 мыңнан астам жас маман әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілсе, 29 мыңға жуық қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жолданған. 91 арнайы жобаны жүзеге асыру аясында қысқа мерзімді курстарда кадрлар даярлау бастау алып, жақын арада 5 облыста пилоттық тәртіпте мобильді оқу орталықтары қатарға қосылмақ. Жеке іс ашуға немесе бизнес өрісін ұзартуға 260 несие берілген.

«Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында, азаматтардың жұмыс табуы мен жұмыс берушілердің білікті қызметкерлер іздеу үдерісін жеңілдету үшін электрондық еңбек биржасын құруға кірістік. Бұл дегеніңіз, жұмыспен қамту орталықтары (әрі қарай – ЖҚО), ізденушілер, кәсіпорындар, түрлі меншік сипатындағы ұйымдар, персонал таңдаумен айналысатын рекрутинг компаниялары сынды еңбек нарығындағы барлық мүдделі тараптардан жиналатын тегін әрі біртұтас ақпараттар базасы жасалады. Осы арқылы, аталған онлайн-платформаны дүниеге әкелудің арқасында, дәстүрлі еңбек қатынасы бос жұмыс орындары мен персоналды дербес таңдау бағытына ауысады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, электрондық еңбек биржасы, қазір істеп тұрған enbek.kz порталының аясында жасақталады. Бүгінгі таңда қолданыстағы ғаламтор ресурсын жетілдіруге ден қойған Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлері онлайн-алаңқайға тың тетіктер қосуға күш салуда. Анығырақ тоқталсақ, электрондық еңбек нарығында, белгілі бір мүдделі тұлғалар санатына әкімшілік кедергілерді азайту мен есептілік жүйесін автоматтандыру мақсатында жеке кабинеттер құру мүмкіндігі қарастырылуда.     




Яндекс.Метрика