EXPO-2017

Президент энергетика министрлігінің ЭКСПО-2017-ге арнаған жобаларымен танысты

ҚР Энергетика министрлігі мен Астана ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы көрмедегі Қазақстан павильонының тақырыптық және мазмұндық құрамына жауапты. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысы бойынша кеңесте энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлады.
Астана қаласы21 Сәуір , 14:13

Қазақстан павильоны төрт экспозициядан тұрады.

«Бірінші экспозицияда Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамалары көрініс табады. ҚР Президентінің телерадиокешені «ҚР-ның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы», «Жасыл көпір», «Экологиялық стратегияның жаһандық энергиясы» тақырыптарында бейнероликтер дайындауда. Бүгінде аталмыш  бейнероликтерді дайындау жұмыстары аяқталып қалды», - деп түсіндірді энергетика миинстрі.

Екіншіден, Қ. Бозымбаев атап өткендей, бұл экспозицияда отандық ғалымдардың «Болашақ энергиясы» тақырыбымен жобалары орналастырылады.

«Бұл экспозицияға отандық ғалымдардың 28 жобасы орналастырылады. Бүгінде аталмыш жобалар бойынша бейнетаныстыру дайындалуда. Ал, 11 жоба бойынша жұмыс істеудің негізгі қағидаларын көрсету үшін макеттер жасалуда», - деп толықтырды ол.        

Үшінші экспозиция - «Қазақстан жасыл экономикаға барар жолда».

«Жергілікті атқарушы органдар аймақтардағы жасыл инвестициялық жобалар бойынша материалдар ұсынады. Біздің көрсетуге тұрарлық дүниелеріміз жетерлік. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңартылған энергия көздері бойынша 50 жоба іске қосылса, тағы 53 жоба жүзеге асырылу барысында», - деп толықтырды Қ. Бозымбаев.

Бұл жобалардың барлығы павильондағы интерактивті тақтаға орналастырылады және кез келген азамат батырманы басып оның жұмысымен таныса алады.

«Төртінші экспозиция - «Токамақ КТМ» қазақстандық материалтану реакторы». Бұл экспозиция  Курчатов қаласында орналасқан «Токамақ КТМ» термоядролық реактордың  жұмысы негізінде басқарылатын термоядролық синтездің энергиясының жұмысын көрсетуге арналған. Қондырғыны іске қосу көрменің ашылу сәтіне қарай орайластырылып отыр. Сол кезге қарай «Токамака КТМ» ішкі қондырғысының макеті көрмеге қойылады. Осы ретте, Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы  көрменің ашылу күні Токомақты телекөпір режимінде іске қосуыңызды сұраймыз», - деп өтініш білдірді министр.   

Қ. Бозымбаевтың айтуынша, «Токамақ» іске қосылғаннан кейін еліміз заманауи қондырғысы бар 7-8 мемлекеттік қатарына енеді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысы бойынша кеңес өтіп жатыр. Келелі кеңесте ҚР Президентіне Астана қаласының әкімі Әсет Исекошов есеп берді. Өз кезегінде «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК»АҚ басқарма төрағасы  Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесінің жарнамасы Евроньюс, Дискавери, CNN CNBC National Geografic телеарналарында көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ал, Президент өз сөзінде Астана жаһандық шараларды өткізетін дәстүрлі орынға айналды деп атап өтті.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика