Су ресурстарына арналған жаңа саясат

Қазақстанда жаңа радон су көзі ашылды

«Бурабай» курорт аймағындағы «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешенінде радон ауыз су көзі ашылды. Ашылу рәсімі «Шипажай-2017» ІІ халықаралық ғылыми-практикалық форумы аясында өтті. Бұл туралы «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешені» АҚ президенті Қайрат Беркінбаев айтып берді.
Ақмола 20 Сәуір, 20:42

«Бұл бүгінгі таңда өңірдегі жалғыз су көзі. Әлем бойынша олар небары 500 болса, солардың біреуі енді «Оқжетпесте». Ұңғыманы қазу ұзақ уақыт жүргізілді. «Оқжетпес» санаторийінің барлық ұжымы, маған дейін істеген басшылары ол бойынша бес жыл бойы жұмыс жүргізген. Бұл су емдік мақсаттарға ғана арналады», - деп мәлім етті Қ. Беркінбаев.

Санаторий мамандары радон ауыр, қымбат бағалы инертті газ екенін түсіндіріп өтті. Радон суы көптеген ауруларды емдеу мен олардың алдын алуға ықпал етеді. Оның қасиеттері қысымды қалпына келтіру, жүрек-қан тамыры жүйесінің жұмысын жақсарту үшін қолданылады және атеросклероз салдарын жояды.

Сондай-ақ, сауықтыру кешенінің вице-президенті Салтанат Бейсембаева радон суын кез келген адамға қолдана беруге болмайтынын да айтып берді.

«Бұған дейін бізде радон ванналары түрінде сыртқы қолдануға арналған ванналар болған еді. Оларды пациенттер қолданған, ал бүгін біз радон ауыз су көзін алғаш рет ашып отырмыз. Осының барлығы біздің пациенттеріміздің, демалуға келгендердің игілігіне, оларды оңалту мен қалпына келтіру үшін арналған. Радон суының көрсетілімдері көп, сонымен қатар оның қарсы көрсетілімдері де бар. Сондықтан, оны дәрігердің бақылауымен ғана қолдану керек», - деп қорытындылады С. Бейсембаева.

Еске сала кетейік, Қазақстанда «Шипажай-2017» ІІ халықаралық форумы өтуде.

Қайрат Жандыбаев

Автордың суреті





Яндекс.Метрика